Парламент отбасылық міндеттемелері бар еңбек ететін ер мен әйелге тең қарауға бағытталған конвенцияны қабылдады
Конвенция 1981 жылдың 23 маусымында Женева қаласында қабылданған.
Құжат асырауындағы балаларға қатысты отбасылық міндеттері бар еңбек ететін ерлер мен әйелдерге мұндай міндеттер олардың экономикалық қызметіне дайындалу, оған қол жеткізу, қатысу немесе оны ілгерілету мүмкіндіктері шектелген кезде қолданылады.
Қазақстан Халықаралық еңбек ұйымының мүшелігіне кіре отыра, оның жарғысында белгіленген қағидаттар мен құқықтарды орындап, Ұйымның барлық мақсаттарына қол жеткізуге міндеттелген болатын. Осы тұрғыдан алғанда 156-конвенция еліміздегі гендерлік теңдік стратегиясына сәйкес әзірленген. Құжаттың мақсаты отбасылық міндеттемелері бар ерлер мен әйелдер үшін тең мүмкіндіктер белгілеу болып табылады. Конвенцияның ережелері көмекке шынымен мұқтаж немесе күтімді қажет ететін жақын туысқандарына қатысты отбасылық міндеттемелері бар еңбек етушілерге де қолданыла алады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Әбденовтың айтуынша, конвенция экономикалық қызметтің барлық салаларына және еңбекшілердің барлық санатына қолданылады. Бұл ретте конвенцияның негізгі мақсаттарының бірі - отбасылық міндеттемелері бар азаматтардың еңбек құқықтарын кемсітушілікке жол бермеу, мүмкіндігінше кәсіби және отбасылық міндеттерді үйлесімді байланыстыруға жол ашу болып табылады. Құжатты халықаралық еңбек ұйымының 41 мүше-мемлекеттері қабылдаған. ТМД елдерінен Ресей, Украина, Әзірбайжан бекіткен.