Парламент өткізген шағын футбол турнирінде Үкімет командасы жеңіске жетті
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Атап айтқанда, Парламент, Үкімет Кеңсесі, «Нұр Отан» ХДП, Қаржы министрлігінің және «Егемен Қазақстан» мен «Казахстанская правда» жалпыұлттық газеттерінің командалары қатысты.
Жарыстың ашылу салтанатында ҚР Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары Сергей Дьяченко Марат Оспановты еске алу мақсатында Парламент Мәжілісі бірқатар іс-шараларды өткізгелі тұрғанын мәлім етті. Соның бірі осы футбол жарысы екенін айтты. ҚР Парламенті Мәжілісі Аппараты басшысының орынбасары Сатыбалды Дәулетәлин осы маңызды шаралардың жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан азаматтарға, шағын футбол турниріне қатысуға ынта білдірген командаларға ризашылығын білдірді.
Оспанов атындағы қоғамдық қордың төрайымы, Марат Тұрдыбекұлының зайыбы Бақыт Оспанова отбасы атынан қоғам қайраткерін еске алуға арналған шараларды ұйымдастырушыларға рақметін айтып, қызметтеріне табыс тіледі.
Жарыс қорытындысында Үкімет Кеңсесі ойыншылары бірінші орынды иеленді. Қаржы министрлігінің командасы екінші, «Казахстанская правда» газетінің аяқдопшылары үшінші орынды жеңіп алды. Жеңімпаздарға кубок пен дипломдар табыс етілді.
Турнирдің үздік қорғаушысы болып «үкіметтік» команданың ойыншысы Әділбек Басекеев, үздік қақпашы «казправдалық» Дмитрий Покидаев танылды. Оспановтар әулеті Парламент Мәжілісі аппаратының жауапты қызметкері Азамат Қапышевті «ең үздік ойыншы» деп танып, өз сыйлықтарын табыстады. Оспановтар әулетіне осы турнирден ескерткіш ретінде барлық команда ойыншылары қолдарын қойған былғары доп берілді.