Парламент өзіндік ерекшелігі бар тауарларға қатысты заң қабылдады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында палата депутаттары «Өзіндік ерекшелігі бар тауарларды бақылау туралы» заң жобасы мен ілеспе құжатқа Сенат енгізген өзгерістерді қолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Аталған заң жобаларын Парламент Мәжілісі 2022 жылғы қазанда мақұлдады. Сенат енгізген өзгерістер мен толықтырулар Мәжіліс мақұлдаған заң жобасының тұжырымдамасын өзгертпейді және мазмұнын нашарлатпайды. Түзетулер жекелеген мемлекеттік органдардың оларға жүктелген жауынгерлік және жедел қызметтік міндеттерді шешу үшін қару әкету ерекшеліктерін, сондай-ақ ҚР Үкіметінің өкілеттіктерін нақтылауды ескеріп отыр», - деді Мәжіліс депутаты Құдайберген Ержан.
Сонымен қатар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзіндік ерекшелігі бар тауарларды бақылау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе заң жобасында «112» Бірыңғай кезекші-диспетчерлік қызметін құруға байланысты мәселелер бөлігінде түзетулер енгізу ұсынылды.
«Осы орайда Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті Парламент Сенаты енгізген өзгерістермен келісуді ұсынады», - деді депутат.
Өз кезегінде Мәжіліс депутаттары Сенат енгізген түзетулерді қолдап дауыс берді.
Бұдан бұрын хабарланғандай, өткен аптада Сенат «Өзіндік ерекшелігі бар тауарларды бақылау туралы» заң жобасын және ілеспе құжатты талқылады. Осы орайда оларға түзетулер енгізілгендіктен, заң жобаларын Мәжіліске қайтарған еді.