Парламент палаталары арасында зияткерлік меншік туралы жобаға қатысты келісім комиссиясы құрылады

АСТАНА. Мамырдың 20-cы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне зияткерлік меншік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасына Парламент Сенаты енгізген өзгерістерді талқылады.

Парламент палаталары арасында зияткерлік меншік туралы жобаға қатысты келісім комиссиясы құрылады
Нәтижесінде, қос палата арасында келіспеушіліктердің орын алуына байланысты келісім комиссиясын құру туралы шешім қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Бұл заң жобасының негізгі мақсаты - қолданыстағы «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы» заңды Әдеби және көркем туындыларды қорғау жөніндегі Берн конвенциясының ережелеріне сәйкестендіру болып табылады. Сондай-ақ еліміздің қолданыстағы осы заңын Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының Авторлық құқық жөніндегі шартына, сондай-ақ Орындаулар мен фонограммалар жөніндегі келісіміне сәйкес келтіру көзделеді. Тоқтала кететін жайт, Қазақстан Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымына 2004 жылы қосылған болатын. Заң жобасында зияткерлік меншікке құқықтарды қорғау саласындағы заңнаманы жетілдіру мақсатында тараптардың қызметтік құқықтары мен міндеттері, олардың жауапкершілігі заңнамалық деңгейде бекітіледі. Жоба мемлекеттік органдардың, қоғамдық және өзге де ұйымдардың ұсыныстары негізінде зияткерлік меншікті қорғаудың әлемдік жүйесін дамыту үрдісі ескеріліп әзірленген. Мәжіліс мақұлдаған заң жобасына Парламент Сенаты тарапынан бірқатар түзетулер енгізілген болатын. Осы түзетулердің бірқатары бойынша Мәжілістің Бас комитеті келіспеушілік білдірді. «Сенат «автор» деген сөзді «құқық иесі» деген сөзбен ауыстыруды ұсынады. Бірақ Мәжіліс комитеті сенаторлар тарапынан жасалған бұл өзгерісті автордың құқықтарын бұзады деп есептейді. Өйткені, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, автор ерекше емес құқықтарды бере алады. Ерекше емес құқықтарды беру туралы авторлық шарт пайдаланушыға осындай құқықтарды берген ерекше құқықтар иесімен бірдей шығарманы пайдалануға рұқсат етіледі. Осы тұрғыда, «автор» деген сөзді «құқық иесі» деген сөзбен ауыстыру «авторды» аттап өтіп ерекше емес құқықтарды өзге де құқық иелеріне беруге әкеп соғады», делінген Бас комитеттің түсіндірмесінде. Қос палата арасында құрылатын комиссия құрамына Мәжіліс тарапынан депутаттар сайланды.