Парламент салық істері бойынша өзара әкімшілік көмек туралы конвенцияны қабылдады
Конвенцияға қосылу салық салу саласында әкімшілік көмектің бірқатар түрін қамтуға мүмкіндік жасайды және едәуір оң әсер береді. Бұл ретте Қазақстанмен оны қабылдаған мемлекеттердің құзыретті органдары арасында бір мезгілде салықтық тексерулер жүргізуге, салық берешегін өндіріп алу бойынша шаралар қолдануға құқықтық негіз қалыптастырады. Конвенцияға сәйкес, Еуропа Кеңесіне мүше мемлекеттер мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдер салық істері бойынша бірбіріне әкімшілік көмектер көрсететін болады. «Бүгінгі таңда Қазақстан қосарланған салықты болдырмау туралы 46 конвенция мен ақпарат алмасу туралы келісімнің негізінде шет мемлекеттермен ақпарат алмасады. Мәселен, былтыр біздің еліміз салық мәселелері бойынша шет елдерге 175 сауал жіберді, ал шет мемлекеттердің салық қызметінен 182 сұраулар түсті. Дегенмен, біз қабылдаған конвенциялар мен келісімдердің мүмкіндіктері шектеулі болып отыр, олар тек корпоративтік және жеке табыс салығына ғана қолданылады. Ал қаралып отырған Конвенция салық ақпаратының алмасу тәжірибесінің тиімділігін арттыруды қамтиды», - деді Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов.
Оның айтуына қарағанда, конвенция бірқатар артықшылықтарға ие. Атап айтқанда, конвенция салықтың барлық түрлері бойынша ақпарат алмасуға мүмкіндік береді. Қажетті ақпаратты алу әдістері едәуір жеңілдей түседі. Парламент қабылдаған Заң Мемлекет басшысының қол қоюына жолданады.