Парламент сандық телехабар таратуды дамытуға бағытталған заң жобасын қабылдады
АНА. 15 желтоқсан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары ««Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне байланыс мәселелері бойынша толықтырулар енгізу туралы» заңына Сенат енгізген өзгерістерді қарап, оған келісім берді.
Осылайша, аталған заң жобасы Парламентпен қабылданып отыр.
Заң сандық теле және радио хабарларын таратуды дамытуға және сандық тұрғыдағы таратуға көшу (2011 жылғы 1 қаңтар мен 2015 жылғы 31 желтоқсан аралығында) кезеңінде қазақстандық телекомпаниялар мен телеарналарды қолдауға бағытталған. Бұл ретте Бюджет кодексі мен «Байланыс туралы» заңға толықтыру енгізіледі. Атап айтқанда, отандық теледидар және радиоарналарды жер серігі жүйесі арқылы таратудағы байланыс және ақпарат саласы уәкілетті органдарының тарату жөніндегі құзіреті нақтыланады. Құжатқа Мәжіліс депутаттары бастамашылық жасаған болатын. Заң күшіне енсе, республика халқы телерадиохабарлар тарату кепілдігі бойынша тегін көпарналы телерадиохабарларымен 100 пайызға қамтылуы мүмкін.
Құжатқа Мемлекет басшысы қол қойғаннан кейін күшіне енеді.