Парламент Сайлау туралы заңға енгізілген өзгерістерді қабылдады

АСТАНА. Қаңтардың 15-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «ҚР Сайлау туралы» ҚР Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңын қабылдады,
None
None
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Аталған құжат республикамызда өткізілген сайлау науқандарына жасалған талдаулар ескеріле отырып, сайлау заңнамасын жетілдіруге бағытталады. Сонымен бірге, былтырғы жылы Астанада өткен ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының 17-ші сессиясы барысында ҚР Президенті электоралдық үдерістің рәсімдік сәттері мен сайлау заңнамасын жетілдіру қажеттілігі туралы атап өткен болатын. Онда Парламент Мәжілісінде ең кемі екі саяси партияның өкілдік етуіне қатысты құқықтық тетікті әзірлеу жүктелген еді. Осыған байланысты «Сайлау туралы» конституциялық заңына тиісті өзгерістер енгізіліп отыр. Атап айтқанда, егер дауыс беруге қатысқан сайлаушылар дауысының жеті пайызын бір саяси партия ғана алса, онда депутаттық мандаттарды бөлуге аталған саяси партияның тізімі, сондай-ақ сайлаушылар дауысының одан кейінгі ең көп санын жинаған партияның тізімі жіберілетін болады. Сондықтан да, бұндай норма сайлау нәтижесіне қарамастан Парламент Мәжілісін кемінде екі саяси партияның қатысуымен қалыптастыруға кепілдік береді. Бұдан басқа заң жобасымен Орталық сайлау комиссиясының сайлау туралы заңнаманы түсіндіру, тек саяси партиялардың өкілдерімен ғана емес, сондай-ақ сайлау үдерісіне басқа да қатысушылармен семинарлар өткізу секілді өкілеттіктеріне қатысты түзетулер енгізілген. Сайлау науқанын жазып-көрсету кезінде барлық кандидаттар үшін тең жағдайларды қамтамасыз ету мақсатында БАҚ-тың жұмысы, баспасөз беттеріндегі орын, эфир уақытының көлемі бойынша бірдей тарату міндеттілігі белгіленеді. Сонымен бірге, заң жобасында сыбайлас жемқорлық қылмыс немесе әкімшілік құқық бұзушылық жасаған, сот кінәлі деп таныған адамдардың сайлау үдерісіне қатысуына тиым салынатын болады. Ол бойынша заң нормасы жаңа редакцияда: «Сыбайлас жемқорлық қылмыс және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаған кінәсі сотта танылған адам ҚР Президенттігіне, Парламент депутаттығына, соның ішінде партиялық тізім бойынша депутаттыққа, мәслихаттардың депутаттығына кандидат, сондай-ақ өзге де өзін-өзі басқару органдарының мүшелігіне кандидат бола алмайды», деп жазылды. Парламент қабылдаған заң Мемлекет басшысының қол қоюына жіберіледі.
Соңғы жаңалықтар