Парламент Сенатында көші-қон саласындағы заңнаманы жетілдіру тақырыбына арналған ғылыми-тәжірибелік конференция болды

АСТАНА. Маусымның 18-і. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенатында палата төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен көші-қон процестері және көші-қон саласындағы заңнаманы жетілдірудің келешегі тақырыбына арналған ғылыми-тәжірибелік конференция болды. Шараға Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Ахан Бижанов төрағалық етті.
None
None

Конференцияға қатысушыларға - Парламент депутаттарына, «Нұр Отан» партиясының, мемлекеттік органдардың, халықаралық, қоғамдық, үкіметтік емес ұйымдар мен ғылыми орта өкілдеріне арнаған сөзінде Қ.Тоқаев биылғы мамырда еліміздің Қауіпсіздік кеңесінің отырысында мемлекеттік көші-қон саясаты мәселелері жөніндегі Мемлекет басшысы айтқан тапсырмаларды талқылаудың өзекті екенін атап өтті.

Осы саладағы міндеттерді жүзеге асыру аясында төраға ішкі және сыртқы көші-қон үрдістерін құқықтық реттеудің маңыздылығына тоқталды. Қазақстанда толыққанды заңнамалық іргетас жасалды. Қазақстан Республикасының 2007-2015 жылдарға арналған көші-қон саясатының тұжырымдамасы қабылданды.

Біздің еліміздің жаһандық деңгейдегі көші-қон мәселелерін реттеу үдерістеріне қатысып келе жатқанын оның Босқындар мәртебесі жөніндегі конвенция мен еңбекті ұйымдастыру жөніндегі халықаралық 15 конвенцияға қосылуы, Халықаралық көші-қон ұйымымен ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялауы дәлелдеп отыр.

Біздің қандастарымыздың тарихи Отанына оралу мәселелеріне мемлекеттік деңгейде назар аударылып келеді. «Нұрлы көш» бағдарламасы қабылданды. Тәуелсіздік алғаннан бері біздің елімізге 1 миллионнан астам оралмандар келді. Бүгінде көші-қон квотасы жылына 20 мың отбасына дейін ұлғайтылды, азаматтық алу рәсімдері оңайлатылды, бейімделу орталықтары ашылды, қаржылай көмек берілді, құқықтық жеңілдіктер белгіленді.

Нгезгі баяндама жасаған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықова көші-қон саясатының негізгі бағыттары туралы айта келіп, осы саладағы заңнаманы жетілдіру жайында ойларын ортаға салды.

Сенатор Анатолий Башмаков жаһандық және аймақтық көші-қонның институтционалдық және құрылымдық зардаптары мәселелеріне назар аударды. Адам капиталын дамыту, әлеуметтік дамудың жаңа сападағы саясатты қалыптастырудағы міндеттердің айқындала түсетінін ескере келгенде, депутаттың пікірінше, құқықтық, заң, мәдени институттардың рөлі де ұлғаятын болады. «Бұл жағдайларда жаһандық қатерлерге ауқымды халықаралық ынтымақтастықты дамыту лайықты жауап болмақ»,-деді А.Башмаков.

Конференцияда сондай-ақ ЕҚЫҰ-ның Астанадағы орталығының басшысы А.Кельчевский, ММХҚИ әлемдік экономика кафедрасының профессоры А.Каменский, ішкі істер министрінің орынбасары А.Кулинич, Мәжіліс депутаты Ж.Сүлейменов, ЕҰУ әлеуметтік ғылымдар факультетінің деканы З.Қабылдинов, Дүниежүзі қазақтары ассоциациясы төрағасының орынбасары С.Балғабаев, Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары М.Жүнбасов сөз сөйледі.

Талқылауды қорытындылай келіп, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы А.Бижанов көші-қон туралы жаңа заң қабылдаудың қажеттігін атап өтті. Бұл заң, сенатордың айтуынша, мемлекеттік көші-қон саясатының құқықтық тетіктерін қалыптастыру саласында маңызды қосымша болады.

Конференция барысында айтылған пікірлер мен ескертпелерді ескере отырып, тиісті ұсынымдар қабылданды.

Соңғы жаңалықтар