Парламент Сенатында мультииндикаторлық кластерлік зерттеу қорытындысының таныстырылымы болды
АСТАНА. 12 қыркүйек. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенатында Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің бастамасы бойынша мультииндикаторлық кластерлік зерттеу қорытындысының таныстырылымы болды
БҰҰ Балалар қоры (ЮНИСЕФ) және БҰҰ Тұрғылықты халық қорының (ЮНФПА) қолдауымен 2010-2011 жылдары еліміздің Статистика агенттігі мультииндикаторлық кластерлік зерттеу жүргізген болатын.
Мониторинг еліміздің мемлекеттік даму бағдарламасында көзделген Мыңжылдықтың 2015 жылдарға арналған даму мақсаттарындағы индикаторлық көрсеткіштердің бағасына негізделген болатын.
Кластерлік зерттеу қорытындысын талқылауға Парламент депутаттары, мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.
Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Ақан Бижанов республика аймақтарындағы және тұтастай Қазақстандағы ана мен баланың және отбасылардың әлеуметтік жағдайы туралы толық және шынайы мәлімет алуға мүмкіндік беретін зерттеу ерекшеліктеріне назар аударды.
Зерттеуге сәйкес республикадағы халықтың сауаттылық деңгейі 99,9 пайызды құрайды, бұл ТМД елдерінің арасында ең жоғары көрсеткіштердің бірі болып табылады. Балалардың қорғаныш қабілетін арттыру саласында елеулі табыстарға қол жеткізілді. Республикада халықтың таза су көздерімен қамтамасыз етіліп, йод жетіспеушілігін ескерту мәселелері бойынша елеулі жұмыстар жүргізіліп келеді. Қабылданған шаралардың нәтижесінде халықтың денсаулығы мен өмір сапасы жақсара түсті.
Денсаулық сақтау, білім беру, тамақтану, балалардың шетінеуі, өмір сүрудегі санитарлық жағдай, балалар мен әйелдер құқықтарын қорғау, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты мәселелер ауқымын атап өте келіп, А.Бижанов әлеуметтік жаңғырту міндеттерін табысты жүзеге асыру үшін зерттеудің іс жүзіндегі пайдасына тоқталды.
Талқылау барысында сөз алған Статистика жөніндегі агенттіктің төрағасы А.Смайылов Қазақстанда екінші рет өтіп отырған кластерлік зерттеудің жақсы жақтарын атап өтті. Бұл зерттеулерде Қазақстандағы балалардың, әйелдер мен ерлердің жағдайы туралы құнды мәліметтер берілген негізгі мәселелер бойынша жаңа тарау бар.
Қазақстандағы ЮНИСЕФ өкілінің орынбасары Р.Жехак «зерттеу қоғамның әлеуметтік-экономикалық жағдайы қызықтыратын мемлекеттік органдар, ҮЕҰ, халықаралық ұйымдар, ғылыми орталар үшін пайдалы екенін» атап өтті.
Пікіралысу барысында ЮНФПА-ның Алматыдағы аймақтық бөлімшесінің басшысы Н.Ботев, білім және ғылым министрінің орынбасары М.Сарыбеков, ішкі істер министрінің орынбасары Е.Кененбаев және басқалар ойларын ортаға салды.