Парламент Сенатының жаңа веб-сайты іске қосылды
АСТАНА. 10 қыркүйек. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының жаңғыртылған ресми www.parlam.kz/kk/senate веб-сайты іске қосылды.
Бұл туралы Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының баспасөз қызметінен хабарлады.
Интернет-ресурсты әзірлеу барысында сайтты безендіру мен құрылымында озық технологиялық шешімдер пайдаланылды, оның қызметтік мүмкіндіктері жақсара түсті. Мемлекеттік органдардың сайттарын безендіруге қажетті талаптар, сондай-ақ шетелдік өкілді органдардың алдыңғы технологиялары да ескерілді.
Пайдаланушыларға қолайлы болу үшін еліміздің аймақтарынан сайланған Сенат депутаттарының интерактивтік картасы әзірленді. Сайттың жаңа нұсқасында палатаның басты жаңалықтарының ауыстырмалы терезесі мен фото және бейне материалдар тарауы ашылды. Кері байланыс үшін «Сайт бойынша сіздің пікіріңіз бен ұсыныстарыңыз» тарауы бар. Сенат отырыстарының онлайн-трансляциясы, твиттер және rss арналары ашылды.
Сенат веб-сайтының үш тілдегі - қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі тармақтары бар.