Парламент сот жүйесін жаңғырту туралы заңдарды қабылдады
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» ҚР Конституциялық Заңы қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Конституциялық заңға екі бөлікке бөлуге болатын түзетулер енгізілді. Біріншіден, Жоғарғы сотта әкімшілік істер бойынша сот алқасын құру ұсынылады. Облыстық соттарда да тиісті сот алқалары құрылатын болады. Бұл іс-шара сот жүйесіне өңірлерде істердің бөлінуіне байланысты үнемі өзгеріп отыратын жағдайға жедел ден қоюға мүмкіндік береді.
Екіншіден, заң жобасында Мемлекет басшысы тағайындауға ұсынатын Жоғарғы сот төрағасы және Жоғарғы сот судьялары лауазымдарына кандидаттарға қойылатын талаптарға қатысты өзгерістер болып отыр. Бұл түзетулер Мемлекет басшысы ұсынған кандидаттарға ғана қатысты екенін ерекше атап өткен жөн. Олар басқа судьяларға қатысты болмайды және заңнамаға сәйкес олар Жоғары сот Кеңесінің ұсынымынан өтеді», - деді сенатор Сәуле Айтпаева.
Оның айтуынша, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстен «Жоғарғы соттың мамандандырылған сот алқасы» ұғымын алынып тастау ұсынылып отыр және осы жылдың 1 шілдеден бастап Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі шынымен жұмыс істей бастау үшін реттеуге бағытталған. Сонымен қатар, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органға әкімшілік сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар бойынша іс қозғау құқығын береді.
Сонымен бірге, бүгін жалпы отырыста екі оқылымда қаралып, қабылданған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сот жүйесін жаңғырту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы жоғарыда айтылған Конституциялық Заңға сәйкес келтіру мақсатында әзірленді. Бұл заң жобасының басты мақсаты инвесторлар қатысатын даулардың инстанцияларын қайта қарау болып отыр.
«Біркелкі жүктемені бөлу және бірыңғай практиканы әзірлеу мақсатында аталған екі кодексте инвестордың қатысуымен даулардың инстанцияларын қайта қарастыру бойынша тиісті түзетулер енгізілген. Атап айтатын болсақ, инвесторлар қатысатын даулардың қаралуын Нұр-Сұлтан қаласының мамандырылған ауданаралық экономикалық сотқа беріледі. Аталған сот инвестициялық даулар бойынша азаматтық істерді, сондай-ақ инвестордың инвестициялық қызметіне байланысты мемлекеттік органдардың инвесторларға талап қоюларын қарайды. Заң жобасында мамандандырылған соттардың, толыққанды үш сатылы сот қорғау жүйесінің сақталуын және Жоғарғы Соттың кассациялық іс жүргізуді жүзеге асыруын ескере отырып, инвесторлардың қатысуымен даулардың нақты сатылылығын айқындау ұсынылады», - деді депутат.
Мұнымен қоса, жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер енгізу туралы» Заңы екі оқылымда қаралып, қабылданды.