12:59, 22 Қаңтар 2009 | GMT +5
Парламент Су кодексіне енгізілген өзгерістерді қабылдады
АСТАНА. Қаңтардың 22-сі. ҚазАқпарат/Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «ҚР Су кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша қос палата арасында құрылған келісім комиссиясының ұсыныстарын талқылап,

құжатты қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Естеріңізге сала кетейік, Мәжіліс мақұлдаған заң жобасына Сенат тарапынан аталған заң жобасының мәтініне кейбір ұғымдарды нақтылауға және екіұдай түсінуді болдырмауға бағытталған түзетулер жасаған болатын. Атап айтқанда, суармалы жерлерде мелиорация шараларын жүргізуге, сондай-ақ құжаттың заң техникасын жетілдіруге қатысты ұсыныстар енгізілген еді. Бұнымен қоса, заң жобасында «жинағыш-буландырғыш» ұғымын қолдануды нақтылайтын жекелеген ұсыныстар негізінде осы ұғымды айқындау үшін толықтырулар енгізілген болатын.
Қос палата арасындағы келісім комиссиясында 6 ұстаным талқыланып, олардың басым бөлігі бірлескен редакцияда қабылданды. Қалған бір ұсыныс Мәжіліс редакциясында, тағы бір ұсыныс Сенат енгізген түзету бойынша қабылданды. Түзетулердің басым бөлігі заң жобасының редакциялық сипатын жақсартуға бағытталады.
Парламент қабылдаған заң Мемлекет басшысының қол қоюына жіберіледі.