Парламент сыртқы барлау қызметін жетілдіруге бағытталған заңды қабылдады
![None None](/static/img/plug.webp)
Құжатта сыртқы барлаудың және арнаулы мемлекеттік органдардың субъектілері үшін басқа мемлекеттік органдар мен ұйымдардың құжаттарын дайындау, рәсімдеу құқығын ұлттық қауіпсіздік органдарына бекіту нормалары қарастырылады. Бұдан бөлек, ҚР Қорғаныс министрлігінің әскери барлау органдары және ҚР Ұлттық қауіпсіздік органдары сыртқы барлаудың субъектілері ретінде айқындалатын болады. Сонымен қатар, сыртқы барлау саласындағы уәкілетті органның құзыреті нақтыланады. Барлау органдарының қызметкерлері мен әскери қызметшілерінің жеке басын жедел бүркемелеу мақсатында басқа мемелкеттік органдар мен ұйымдардың құжаттарын дайындау, оны рәсімдеу құқығы ұлттық қауіпсіздік органдарына бекітіледі.
«Құжат еліміздің сыртқы барлау қызметін одан әрі жетілдіруге бағытталған. Қазіргі таңда әлемде ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіруі мүмкін оқиғалар орын алуда. Мемлекетіміздің тұрақтылығы мен тыныштығын сақтау үшін осындай қауіпті үрдіске терең талдау жасап, олардың алдын алуға бағытталған шараларды күшейту қажет. Дәстүрлі әскери, саяси ғана емес, экономикалық, экологиялық, техникалық, ақпараттық сипаттағы қатерлерге да назар аудару - уақыт талабы. Сондықтан, қабылданатын құжат еліміздің сыртқы барлау саласындағы бірлескен қимылдарды нығайтуға, осы бағыттағы жұмыстарды тиімді атқаруға мүмкіндік береді», - деді сенатор Икрам Адырбеков. Парламент қабылдаған заң Мемлекет басшысының қол қоюына жолданады.