Парламент табиғи монополиялар қызметінің ашықтығына бағытталған заңды қабылдады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына Сенат енгізген түзетулерді қарады. Мәжіліс депутаттары Сенат ұсынған түзетулерге келісім беріп, құжат қабылданды.
Енді Парламент қабылдаған заң Мемлекет басшысының қол қоюына жолданады.
Еске сала кетейік, құжат табиғи монополиялар қызметінің ашықтығын арттыруға бағытталады. Сонымен қатар заң жобасында табиғи монополияларға қатысты негізсіз шығындарды болдырмау, тарифтік үдерістерді оңтайландыру, тұтынушылар құқығын қорғау мәселелері қамтылып отыр. Атап айтқанда, тариф қалыптастыру және монополистер қызметінің ашықтығын арттыру мақсатында тарифтерге сараптама жасау үшін Сараптамалық кеңес құруды заңдық негізде бекіту көзделеді. Бұдан бөлек, энергетика саласындағы доминанттарға бұқаралық тыңдаулар өткізу міндеті енгізіледі, есеп берулер мен бұқаралық тыңдаулар бойынша талаптар күшейтіледі. Ал негізсіз шығындарды алып тастау және тарифтік үрдістерді оңтайландыру мақсатында тарифтен қаржылық және техникалық сараптама шығындарын алып тастау қарастырылған.
Құжатты Сенатта талқылау барысында жоғары палата депутаттары оған бірқатар өзгерістер енгізіп, Мәжіліске қайтарған болатын. Атап айтқанда, жоғары палата депутаттары көлік құралдарын тоқтату мен ақылы тұраққа қою ережелерін бұзғандығы үшін әкімшілік жауапкершілікті енгізуді ұсынады. Қалалық қоғамдық көлікте сараланған тарифтер белгілеуде «Автомобиль көліктері туралы» заңды қайта қарау ұсынылды.