Парламент терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі заңды қабылдады
АСТАНА. Наурыздың 18-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша қос палата арасындағы келіспеушіліктерді еңсеру жөніндегі келісім комиссиясының ұсыныстары талқыланып, құжат қабылданды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аталған заң 2007-2011 жылдарға арналған Ұлттық қауіпсіздік стратегиясы ережелерін орындау мақсатында әзірленген. Құжат бұрын террористік қылмыс жасаған адамдарға ескіру мерзімдерін қолдануға тыйым салу, экстремистік немесе террористік ұйымның өз атауын өзгерту фактісін соттың анықтау тетігін бекіту шараларын қарастырады. Сонымен бірге заңда БАҚ-тарда терроризмге қарсы операциялардың техникалық тәсілдері мен тактикасын ашатын мәліметтерді таратуды шектеуге, лаңкестікке қарсы операцияның құқықтық тәртібін реттеуді жетілдіруге бағытталған әрекеттер көзделеді. Бұдан басқа, заң бойынша қамтылған өзгертулердің бір парасы әлі болмаған террористік қауіптердің алдын алуға қатысты болып табылады.
Мәжіліс мақұлдаған заң жобасына сенаторлар шетелдік немесе халықаралық ұйымды экстремистік немесе террористік деп тану туралы іс жүргізу шеңберінде соттың осындай ұйымдардың атауларын өзгерту фактісін анықтау тәртібін қарастыру шараларын ұсынған болатын. Бұдан басқа, Сенат терроризмге қарсы операцияға қатысатын адамдардың мүмкіндіктерін негізсіз тарылтуды болдырмау мақсатында азаматтардың тұрғын үй-жайларына террористердің ізіне түскен кезде ғана кіруге болады деген қағиданы алып тастауды ұсынған еді.
Келісім комиссиясының шешіміне сәйкес, онда талқыланған түзетулердің бірқатары бірлескен редакцияда, екі ұстаным Сенаттың редакциясында қабылданды.
Енді Парламент қабылдаған заң Мемлекет басшысының қол қоюына жіберіледі.