Парламент ТМД еңбекші-мигранттарының құқықтық мәртебесі туралы конвенцияны қабылдады

АСТАНА.  Желтоқсанның 11-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ -  Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің еңбекші-мигранттары мен олардың отбасы мүшелерінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияны ратификациялау туралы»  Заңды қабылдады. Құжат Елбасының қол қоюына жіберіледі,

Парламент ТМД еңбекші-мигранттарының құқықтық мәртебесі туралы конвенцияны қабылдады

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аталмыш конвенцияға 2008 жылдың қарашасында Кишинеу қаласында қол қойылған. Конвенцияның мақсаты еңбекші -мигранттарға, олардың отбасы мүшелеріне және қабылдаушы мемлекеттің азаматтарына қатысты тең қарауды қамтамасыз ету үшін жағдай жасау болып табылады. Сондай-ақ құжат бойынша конвенцияға қатысушы мемлекеттер аумақтары бойынша жұмыс күшінің жүріп-тұруына қолайлы шаралар қабылдау көзделеді. Конвенцияның күші қабылдаушы тараптың аумағында заңды негізде жүрген барлық еңбекші-мигранттармен олардың отбасы мүшелеріне қолданылады. Әрбір еңбекші-мигрантпен оның отбасы мүшесі тараптардың кез келгенінің аумағында оның заңнамасына және халықаралық шарттарына сәйкес өзінің құқықтық субъектілігінің танылуына құқығы бар. Конвенцияға қатысушылар еңбекші-мигранттармен олардың отбасы мүшелерінің құқықтарын іске асыруға кепілдік береді. Қазақстан Республикасы конвенцияға қосылу  барысында тиісті ескертпемен қол қойған болатын. Онда еліміздің еңбекші-мигранттарды әлеуметтік қамсыздандыруға және оларға жалпы, қосымша кәсіптік білім беруге қатысты нормаларды қолданған кезде Қазақстан өзінің ұлттық заңнамасын басшылыққа алатындығы туралы ескертпесін жазған.