Парламент уәкілетті органдардың мемлекеттік және бюджеттік жоспарлаудағы құзыретінің аражігін ажыратты
ТАНА. 27 қазан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне уәкілетті органдардың мемлекеттік және бюджеттік жоспарлау жөніндегі құзыретінің аражігін ажырату және бюджет процесін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңы екі оқылымда қаралып, қабылданды.
Заң жобасы еліміздегі мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру туралы Президент жарлықтарына сәйкес әзірленген. Құжаттың негізгі мақсаты Экономикалық даму және сауда министрлігі мен Қаржы министрлігі арасындағы функцияларды бөлу болып табылады. «Ағымдағы жылдың тамызында Елбасы Үкіметтің экономикалық саясатын айқындайтын негізгі органды құру туралы жарлыққа қол қойған болатын. Соңғы жылдары әлемдік экономикадағы құбылыстардың өзі жаһандағы экономикалық жағдайды жіті бағалап тұруды қатаң талап етеді. Бұл өз кезегінде республика перспективасы үшін қандай да бір сценарилерге дайындығын арттырады. Осыған орай, дәл бүгінгі таңда Үкіметтің стратегиялық жоспарлаудағы, болжаудағы және экономикалық сараптаудағы рөлін күшейтудің маңызы артып отыр. Бұл ретте Экономика министрлігі еліміздің экономика бағытындағы дамуын бюджеттік саясатпен ұштастырып айқындайтын мемлекеттік орган болуы тиіс», - дейді құжат бойынша баяндаған Экономикалық даму және сауда министрі Қайрат Келімбетов.
Оның айтуынша, заң жобасына сәйкес, бюджеттік үдерістердегі Экономика министрлігі мен Қаржы министрлігінің өзара байланыс жүйесіндегі аражігі ажыратылады. Бұл ретте Экономика министрлігі елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын болжауды қалыптастырады. Мемлекеттің алдағы бесжылдық кезеңінің барлық бағыттарына болжау жасап, соның негізінде бюджеттік параметрлер де айқындалады. Ал Қаржы министрлігі Экономика министрлігі болжаған параметр негізінде бюджетті жоспарлаумен айналысады. Бұл жердегі жаңалық: Экономика министрлігі болжау шеңберінде шығыстар бойынша әлеуметтік-экономикалық дамудың жаңа басым бағыттарын да айқындап отырады. Бюджеттік инвестициялардың басым бағыттарын да тізбелейді. Бюджетті қалыптастыру үдерісі сақталады және оны қалыптастыруда жауапты орган Қаржы министрлігі болып табылады.
Парламент қабылдаған Заң Мемлекет басшысының қол қоюына жіберіледі.