Парламент уақытша әкелу туралы конвенцияны қабылдады

А. Қазанның 14-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «Уақытша әкелу туралы конвенцияны ратификациялау туралы» ҚР заңын қабылдады.

Парламент уақытша әкелу туралы конвенцияны қабылдады

Енді Парламентпен қабылданған заң Мемлекет басшысының қол қоюына жіберіледі.

Конвенцияның мақсаты - экономикалық, гуманитарлық, мәдени, әлеуметтік және туристік байланыстарға қол жеткізу, оларды дамыту мақсатында уақытша әкелу саласындағы ережелердің біркелкілігін қамтамасыз ету болып табылады. Сонымен бірге құжат уақытша әкелудің кедендік режімін оңайлату мен үйлестіруді, халықаралық кедендік құжаттар ретінде уақытша әкелу туралы құжаттардың стандартталған үлгісін қабылдауды көздейді. Мұның өзі халықаралық кепілдіктермен қатар, кедендік құжат пен кепілдік талап етілген жағдайда уақытша әкелу рәсімдерін жеңілдетуге жағдай жасайды. Конвенцияға қосылған кезде оның міндетті болып табылатын қосымшасы бірге қарастырылады. Мұнда кедендік жүк - кедендік декларацияны ауыстыратын және көрмелер мен жәрмеңкелер өткізуге байланысты тауарларды уақытша әкеліп, әкетуді бажсыз, жеңілдетілген түрде әрі тездетіп рәсімдеуді жүзеге асыруға мүмкіндік беретін халықарлық кедендік құжат пайдаланылады.

Заң жобасы бойынша баяндаған Қаржы министрі Болат Жәмішевтің айтуынша, бүгінгі таңда әлемнің 61 елі оның ішінде Ресей мен Беларус мемлекеттері осы конвенцияның қосымшасын қабылдаған, сондықтан да Кедендік одақ аясындағы Қазақстан үшін бұл заңды қабылдау аса маңызды болып табылады. Уақытша әкелу туралы конвенция 1990 жылдың маусымында Ыстамбұлда қабылданған.