Парламент Үкіметке мемлекеттік тіл мәселесіне қатысты бірқатар ұсынымдар жасады

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аталған мәселе бойынша Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедтің баяндамасын тыңдаған депутаттар, бірқатар сауалдарға жауап алды. Сонымен бірге, жиын барысында көтерілген мәселелер сараптала келе, ҚР Үкіметіне бірқатар ұсынымдар қабылданды.
«Біріншіден, «Мәдени мұра» ұлттық жобасының екінші кезеңін нәтижелі және толық іске асыру, осы жоба бойынша жарияланған еңбектерді қазақ тіліне аудару жөнінде нақты шаралар қабылдануы тиіс. Екіншіден, «Нұр Отан» ХДП тұжырымдамасында мәдениет саласын одан әрі дамытуға арналған бағдарламалық мақсаттардың жүзеге асырылуы қамтамасыз етілуі керек. Үшіншіден, Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының толық орындалмауы себептері талқыланып, «ҚР Тіл туралы» Заңының іске асырылу тетіктері саралансын. Төртіншіден, қазақ тілінің мемлекеттік басқару қызметінде қолдану аясы кеңейтіліп, оны білім мен ғылымның, осы заманғы электрондық байланыс құралдарының, Интернет желісінің тіліне айналдыру жөнінде белгіленген іс-шаралар одан әрі жетілдірілуі шарт. Қазақ тілінде тәулік бойы хабар тарататын үш телеарна ашу жолындағы ұйымдастыру жұмыстары жандандырылсын. Бесіншіден, қазақ тілінде басылып шығарылатын және осы тілге аударылатын әдебиеттердің үлесін арттыру керек. Мемлекеттік тілде жарық көрген әдеби, ғылыми және басқа да еңбектерді әлем тілдеріне сапалы аударуға қол жеткізудің тиімді жолдары қамтылуы шарт», делінген депутаттар қабылдаған ұсынымда.
Бұдан басқа, Парламент Мәжілісі Үкіметке «Ономастика туралы» заң жобасын әзірлеуді, ұлттық құндылықтарға, патриотизм идеясына үндейтін кинотуындылардың тақырыбын, бағытын анықтаумен айналысатын ұлттық комиссия құруды ұсынды.