Парламент Ұлттық банк қызметін жетілдіруге бағытталған заңды қабылдады

АСТАНА. 21 маусым. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында

Парламент Ұлттық банк қызметін жетілдіруге бағытталған заңды қабылдады

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қызметін ұйымдастыру, қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екі оқылым бойынша мақұлданып, қабылданды. Енді Парламент қабылдаған заң Елбасының қол қоюына жіберіледі.

Еске сала кетейік, аталған заң Қазақстан Республикасы Президентінің Қаржылық қадағалау және Алматы қаласының қаржы орталығын дамыту агенттіктерінің функцияларын Ұлттық Банкке беру туралы Жарлықтарын, Қазақстан Республикасының қаржы секторын дағдарыстан кейінгі кезеңде дамыту тұжырымдамасының ережелерін іске асыру мақсатында әзірленген. Сондай-ақ, заң қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын тиімді реттеу, бақылау және қадағалау орнату мақсатында ҚР Ұлттық банкінің қызметін ұйымдастыруды жетілдіретін болады.

ҰБ төрағасы Григорий Марченконың айтуынша, құжат арқылы Қазақстанда қаржы институттарының көпдеңгейлі жүйесі қалыптастырылады. Бұл ретте қызметі мемлекет тарапынан қолдаумен ғана жұмыс істейтін қосымша мамандандырылған банктер құрмай-ақ, толыққанды бәсекелес ортада жұмыс істеуге қабілетті банктердің жұмыс істеу мүмкіндігін заңнамалық деңгейде нығайту көзделіп отыр. Бұған сәйкес, бұрын құрылған мамандандырылған қаржы ұйымдары (Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі, Қазақстанның Даму банкі) жұмыстары жалғаса береді.

Бұдан бөлек, Ұлттық Банктің алтын-валюта резервтерін толықтыру үшін тазартылған алтынды сатып алуға мемлекеттің басым құқығын іске асыру жөніндегі өкілеттіктері қамтылатын болады.

«Бұл алтынды өндіру, шығару және өткізу сияқты стратегиялық маңызды саладағы мемлекеттің мүддесін қолдауды қамтамасыз етеді. Бұдан бөлек Ұлттық банктің мемлекеттің меншігіне айналған мүліктерді бағалау, оның ішінде тазартылған алтынды бағалау, бағалы металдар мен қымбат тастарды, олардан жасалған бұйымдарды бағалауға қатысты құқы бекітіледі», - дейді Г. Марченко.

Аталған норманы қабылдау отандық алтын-валюта резервін толықтыру үшін қазақстандық алтынды қолдану бағытындағы Қазақстанның мүддесін қорғауды қамтамасыз етеді.