Парламент Ұлттық қордан берілетін трансферттер туралы заңды қабылдады

АСТАНА. 21 қараша. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «ҚР Ұлттық қорынан 2014-2016 жылдарға арналған кепілдік берілген трансферттер туралы» ҚР заңын қабылдады.

Парламент Ұлттық қордан берілетін трансферттер туралы заңды қабылдады

«Мемлекет басшысы мақұлдаған фискалдық реттеу құралдарын ескере отырып, 2014-2016 жылдарға арналған кепілдік берілген трансферт 1 трлн. 380 млрд. теңге мөлшерінде белгіленіп отыр. Бұл мөлшер 2013 жылғы деңгейде сақталатынын білдіреді. Осы мөлшермен 2014-2016 жылдар бойынша Ұлттық қордағы қаражаттың жалпы ішкі өнімнің 30 пайыз деңгейінен азаймайтын қалдығы қағидаларын сақтау қамтамасыз етілетін болады», - дейді Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев.

Министрдің айтуынша, заңды қабылдау бюджеттің тұрақты кіріс көзін қамтамасыз етеді. Бұл өз кезегінде экономикалық белсенділікті арттырып, экономикада жұмыспен қамтуға бағытталған бюджет шығыстарын толық көлемде қаржыландыруға мүмкіндік береді. Әлеуметтік экономикалық теріс салдарға әкеп соқтырмайды.

Парламент қабылдаған заң Мемлекет басшысының қол қоюына жолданады.