Парламент зейнетақыны жаңғыртуға бағытталған заңды қабылдап, Елбасының қол қоюына жолдады

Еске сала кетейік, Парламент қабылдаған заң негізінен Қазақстандағы зейнетақы жүйесін жаңғыртуды көздейді. Бұл ретте құжат бойынша Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорын құру қарастырылады. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының құрылтайшысы мен акционері ел Үкіметі болса, оның зейнетақы активтерін басқаруды ҚР Ұлттық банкі жүзеге асырады. Бұдан бөлек, заң жобасының шеңберінде ауыр және қауіпті өндіріс жағдайында жұмыс істейтін адамдар үшін міндетті санатқа еңбекақы төлеу қорынан 5 пайыз мөлшерінде ерікті кәсіптік зейнетақы жарналарын аудару қарастырылады. Бұл ретте жұмыс берушіге жүктеме көбеймейді.
Жаңа заңдағы қамтылған басты жаңалықтардың бірі - әйелдердің зейнеткерлік жасын біріздендіру мәселесі. Бұл ретте заң жобасында қамтылғандай 2014 жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнеткерлік жасты жыл сайын 6 айға ұлғайта отырып, біртіндеп 10 жылдың ішінде жүзеге асыру көзделеді. Мұндай жағдайларда зейнеткерлік жасты бірдейлендіру әйелдердің жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу өтілін ұлғайту және зейнетақы жинақтарының көлемін арттыру үшін ұсынылып отыр. Бұл тиісінше, жинақтаушы зейнетақы жүйесінен алатын зейнетақының мөлшерін арттыруға септігін тигізуі тиіс. Бұнымен қоса, Сенат негізгі заңға ілеспе құжат «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне зейнетақымен қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын да қабылдады. Ондағы басты өзгерістер негізінен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының құрылуына қатысты болып отыр.