Парламент Жолдау негізінде берілген тапсырмаларға сәйкес, бірінші кезекте «Ғылым туралы» заңды қабылдайды - С.Дьяченко
АСТАНА. Ақпанның 1-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Мемлекет басшысының Жолдауында өте жан-жақты әрі ауқымды мәселелер айтылды. Соған қарамастан оларды толық жүзеге асыруға мүмкіндік бар. Осыған орай қазір Үкімет пен әкімшіліктер ерекше қарқынмен жұмыс істеулері қажет. Парламент Мәжілісінің депутаты Сергей Дьяченко Мемлекет басшысының биылғы Жолдауына қатысты осындай пікір білдірді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның сөзіне қарағанда, Парламентке Жолдауда көтерілген міндеттер негізінде нақты тапсырмалар берілген. Оған сәйкес, Парламент бірінші кезекте «Ғылым туралы» заңды қабылдауы қажет. «Біз қазір аталмыш құжаттың жобасын асыға күтудеміз. Себебі ол еліміздің бәсекеге қабілеттілігін арттырып, ғылым саласының өркендеуіне жаңа серпін береді. Қазіргі таңда аталмыш құжат бойынша Үкіметте белсенді жұмыстар жүргізіліп жатқан көрінеді. Бұл өте маңызды және біздің еліміз үшін қажетті заң», деді депутат.