Парламентаризмнің жұмысын жетілдіру оның өміршеңдігінің маңызды атрибуты - С. Ақылбай

АСТАНА. 19 сәуір. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенатында «Қазіргі заманғы парламентаризм: қалыптасуы, дамуы және заң шығару процесінде билік тармақтары арасындағы өзара іс қимылды жетілдіру» атты тақырыпта халықаралық конференция өз жұмысын бастады.

Парламентаризмнің жұмысын жетілдіру оның өміршеңдігінің маңызды атрибуты -  С. Ақылбай

Халықаралық шара Елбасы Н. Назарбаевтың «Қазақстан -2050» стратегиясын іске асыру бойынша жалпыұлттық жоспарға сай ұйымдастырылған. Жиын барысында Қазақстан Парламентінің өкілдігін күшейту, парламентаризм дамуындағы заңнама сапасын арттыру, билік тармағы арасындағы өзара іс-қимылды жетілдіру мәселелері талқыланатын болады. Шараға Парламент депутаттары, ҚР Конституциялық Кеңес пен Жоғарғы сот төрағалары, ҚР Президенті Әкімшілігі мен Бас прокуратура өкілдері, министрлер, сонымен қатар, ТМД Парламенттерінен келген делегаттар қатысуда.

«Парламент жүйесіндегі шетелдік даму тәжірибесі көрсеткеніндей, олардың даму процесі үзілмей жалғасып келеді. Ал, белгілі бір құқықтар мен өкілдіктерге ие болған халықтың өкілдік жүйесі ретінде парламентаризмнің жұмысын жетілдіру оның өміршеңдігінің маңызды атрибуты. Сондықтан да билік институты инновациялық жаңалықтарға тұрақты түрде сай болуы керек. Олай болмаса бұл қоғамдық қатынастардың тежегішіне айналуы мүмкін», деді жиынды ашқан Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Серік Ақылбай.

Оның айтуынша, мемлекеттік саяси құқықтық жүйеде тиімді Парламенттің болуы қоғамның жан-жақты жетілгенін білдіреді. Ал әлемдік тәжірибеге сай, парламентаризм - демократияның ажырамас құрамы.