Парламентке «Әкімшілік рәсімдер туралы» заң жобасы енгізілмек
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Әділет министрлігі Халықаралық ынтымақтастық бойынша Германия қоғамының жәрдемдесуімен «Әкімшілік рәсімдер туралы» Заңның жаңа редакциясын әзірледі. Бұл туралы бүгін Астанадағы әкімшілік құқық бойынша халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда ҚР әділет министрінің орынбасары Зәуреш Баймолдина мәлім етті.
«Мемлекеттік органдар қызметін бірыңғай құқықтық стандарттармен қамтамасыз ету мақсатында біз осындай заңды даярлап, қабылдау керек деген шешімге келдік. Бұл құжат тиісті процедуралық нормаларды толықтай топтастырып, әкімшілік құқық саласында негізгі заңнама ретінде қарастырылар еді», - деді З. Баймолдина.
Осы орайда ол конференциядағы талқылаулар барысында жобаны жетілдіру үшін ұсыныстар қаралатынын жеткізді. Нәтижесінде, ҚР Парламентінің қарауына бұл заң жобасы енгізілмек. Ведомство өкілдерінің пайымынша, осы заңнама қандай да бір даулы мәселелер туындаған жағдайда құқықтық қатынастарды оңтайлы реттеуге қауқарлы болады.
ҚР Жоғарғы Сотының судьясы Ақылтай Қасымов әкімшілік рәсімдер институты қазіргі заманғы әкімшілік құқықтың ажырамас бөлігі екенін атап өтті.
Айта кетейік, конференция жұмысына мемлекеттік органдардың өкілдері, судьялар, прокурорлар, адвокаттар, ҮЕҰ өкілдері, алыс шетел және ТМД елдерінен сарапшылар қатысуда.