Парламентке арнайы экономикалық аймақтар туралы заң жобасы енгізілді

Депутаттың айтуынша, «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында индустриялық инфрақұрылымды дамыту бағытында құрылыс материалдарының, көлік және коммуникация, энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласындағы өнімдердің сұранысы арта түседі.
«Көптеген салалар «қозғалыста» болып, мультипликативтік тиімділік көре бастайтындықтан, құрылыс материалдарына, металлға, техника мен жабдықтарға сұраныс артады. Осыған орай, Үкіметке еліміздің өңірлеріндегі арнайы экономикалық аймақтарды нақты жобалармен толықтыру туралы тапсырмалар жүктелген. Оның ішінде жаңа индустриялық аймақтардағы құрылыс мәселесі, шағын және орта бизнесті дамыту, қосымша инвестициялар тарту шаралары қамтылатын болады. Осы мәселелерді кешенді шешу үшін Үкімет «Қазақстан Республикасындағы арнайы экономикалық аймақтар туралы» заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын әзірлеп отыр. Қазіргі таңда аталған құжат Парламент Мәжілісіне енгізілген», - деді депутат М.Пішембаев.
Бұдан бөлек, Мәжіліс депутаты Елбасының тапсырмасына сәйкес, экономиканы ынталандырудың құрылымдық өзгерістері мен экономикалық өсімнің орнықты дамуын қамтамасыз ету мақсатында Ұлттық қордан арнайы қаражат тартылатынын да атап өтті. Оның сөзіне қарағанда, заңда айқындалған нормаға сәйкес, Ұлттық қордан 2015-2017 жылдар аралығында жыл сайын 3 млрд долларға дейін бөлінетін болады.