Парламентке қосымша билік беріліп, сайлауды барынша әділ өткізу керек - Алдан Смайыл
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Парламент Мәжілісінің V шақырылым депутаты, мемлекет қайраткері, жазушы Алдан Смайылдың ойынша, Парламентке бұрынғы бір мандатты депутаттарды қайтару қажет, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Алдан Смайылдың айтуынша, президенттік биліктен бірте-бірте парламенттік билікке көшу бастамасы бұрын да болған. Алайда ол кезде «реформаға әлі дайындық қажет, экономиканы көтеру керек, қоғамның өзі соған лайықты болуы тиіс» деген уәждер көп айтылды.
«Енді, қазіргі кезде осылардың барлығы жүзеге асқан сияқты. Соған байланысты билікті бөлісетін уақыт та жетті. Мен өз басым бүгінгі бастаманы қостаймын. Бірақ соның барлығы дұрыс жұмыс істеп кетуі үшін бір нәрсе керек. Ол - сайлаудың барынша әділ болуы. Халық өзіне ұнайтын, өзінің сөзін сөйлейтін партияның өкілдерін Парламентке көбірек әкелуі тиіс. Егер бұрынғыша барлығы бір партияның атынан сайланып, Парламентте көпшілік дауыс соларда болса, онда биліктің өкілеттіліктері дұрыс бөлінбей қалады. Сондықтан сайлауды барынша әділ өткізу керек. Бұл - бір. Екіншіден, билік өкілеттіліктерін бөлгеннен кейін Парламентке бір мандатты депутаттардың келуін қарастыру керек еді. Бір мандат дегеніміз, ешқандай партияда тіркелмеген, өзін-өзі ұсына алатын адам, оны xалық сайлап шығарады. Бұл бізде болған. Бірақ кейінгі кездері алынып тасталды. Мәселен, көрші Ресейде ондай норма бар. Путиннің жеке тапсырмасы бойынша бір мандатты депутаттар бұрынғыдан да көп сайланды», - деді Алдан Зейноллаұлы ҚазАқпарат тілшісіне берген сұxбатында.
Сондай-ақ ол Конституцияның 26-бабындағы өзгерістерге үзілді-кесілді қарсы екенін жеткізді.
«Ата заң - заңдардың атасы, сол арқылы барлық нормалар дүниеге келеді. Ендеше ең басты Заңда «әркім» деген екіұдай ұғым еш уақытта болмауға тиіс. Президенттің кешегі шешімі бұл нағыз дұрыс шешім болды», - деп атап көрсетті жазушы.
Айта кетейік, билік тармақтары арасында өкілеттіліктеді қайта бөлу бастамасы аясында Президенттің бірқатар өкілеттіліктерін Үкімет пен Парламентке беру көзделген. Соның ішінде республикалық бюджетті бекіту де бар. Үкімет арнайы комиссияны да, бюджетті атқару тәртібін де өзі бекітеді. Ал Парламент ел қазынасын жұмсауды бақылап отырады.
Осыған қатысты арнайы заң жобасын осы айда Парламенттің қарауына енгізу көзделіп отыр.
Ал Конституцияның 26-бабын Президенттің өзі өзгеріссіз қалдыруды ұсынды.