Парламентке таяуда ҮЕҰ туралы заң жобасы енгізіледі - Қазақстанның Азаматтық альянсы
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның Азаматтық альянсы «Үкіметтік емес ұйымдардың қызметі мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын әзірледі.
Бұл туралы бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында аталған альянстың президенті Нұрлан Ерімбетов мәлім етті.
«Біз жақын арада Парламенттің қарауына «Үкіметтік емес ұйымдардың қызметі мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын енгіземіз. Осы күнге дейін ҮЕҰ-лар мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс арқылы, тендерлермен өмір сүріп келді. Әкімдер, министрліктер тендерлерді жариялап, тақырыптарды өздері белгілейді. Атап айтқанда, мемлекеттік органдар тапсырысты кім орындайтындығы жайында талап қоятындығы»,-деді Н. Ерімбетов.
Оның сөзіне қарағанда, кезінде 27 мың ҮЕҰ ашылды, алайда олардың көбі біркүндік ұйымдар болғандықтан және конкурстарға қатысуға қауқарсыздық танытқаннан кейін жабылып қалды. Бүгінде олардың саны бірнеше мыңды ғана құрап отыр.
«Бұл ұйымдар тіркеуде тұрғанымен, кейбірі ешқандай жұмыстар атқара алмай отыр. Осы заң жобасында қаржыландырудың үш түрі ескерілуде. Бұнда тек мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс қана емес, сонымен қатар ҮЕҰ-лар үшін сыйақы және гранттық қаржыландыру қарастырылған. Яғни бұл қаржыны біз өзіміз басқаратын боламыз. Бүгінде тақырыптарды шенеуніктер белгілеуде. Біз қоғам үшін маңызды тақырыптарды қоғаммен талқылап, өзекті мәселелерді анықтағымыз келеді»,-деді альянс президенті.
"Елімізде мүмкіндігі шектеулі адамдардың бірлестіктері және басқа да ұйымдар бар. Біз қаржыны осы бірлестіктерге бөлеміз. Өйткені олар өздерінің бағытында әділ жұмыс істеп жатқандарды жақсы біледі. Осы орайда бөлінген бұл қаржыны өздерінің арасында дұрыс үлестіре алады. Әрине, қаржының мақсатты жұмсалуына тиісті қадағалау жасалады".
Н. Ерімбетовтің айтуынша, әкімдердің рейтингіне үкіметтік емес ұйымдармен жұмысын енгізу қарастырылып отыр. Оның пайымынша, өңір басшыларының ҮЕҰ-мен жұмысы қоғам өмірі үшін маңызды.