Парламентке тәжірибелі азаматтар сайланғанын қалаймын - Бекболат Тілеухан
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қоғам қайраткері, Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Бекболат Тілеухан «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс съезінде ҚР Парламенті Мәжілісіне ұсынылатын партиялық тізімде бекітілуіне орай, өзінің пікірімен бөлісті.
«Қазір дағдарысты, экономикалық қана емес, рухани дағдарысты бастан кешіп отырған кезде, біз - әлемдік қауымдастықтың бір пұшпағымыз, сондықтан да дер кезінде шара қолданбаса болмайды. Съезд замананың бетбұрысына, ауанына орай, шара қылу және оны ұтымды түрде жедел жасау міндет болғандықтан өтіп жатыр. Бірақ мен бір нәрсеге сенемін, біздің ел, халқымыз алмағайып кезеңдерде, дағдарыс кезеңдерінде өзі жинақталып алады. Біз - Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламадан өткен халықпыз. Қандай да кезең болса, ерте алған ердің артынан еріп келген елміз, ынтымақ арқылы ырысқа, бірлік арқылы берекеге жеткенбіз, амандық болса, бұдан да өтеміз деп ойлаймын», - деді ол жиын соңында тілшілерге берген сұхбатында.
ҚР Парламенті Мәжілісінің 4-ші шақырылымында депутат болған Б.Тілеухан мырза, мәжілісте халық сөзін сөйлейтін сауатты азаматтардың келгенін құп көретіндігін жасырмады.
«Жалпы заң шығару оңай шаруа емес, қоғам тынысын терең сезінетін, заңгерлер және тәжірибелі азаматтар сайланғанын қалаймын», - деп түйді сөзін Б. Тілеухан.
Айта кетейік, «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс съезінде партиялық тізім бойынша белгілі боксшы Геннадий Головкин мен әлем және олимпиада чемпиондары Серік Сәпиев, Илья Ильин енді. Сонымен қатар, еліміздің танымал әншілері Қайрат Нұртас пен Жанар Доғалова, Айман Мұсақожаевалар өтті. Бірқатар министрлер мен әкімдер, ұлттық компания басшылары да партиялық тізімге енген. Мәселен, министрлер арасында Арыстан Мұхамедиұлы, Бақыт Сұлтанов, Үкімет басшысының орынбасары Дариға Назарбаева, ҚР Президенті Әкімшілігінің Басшысы Нұрлан Нығматулиндер де бар. Облыс әкімдері, солардың ішінде Бердібек Сапарбаев, Сергей Кулагин, Алик Айдарбаев, Амандық Баталов, Даниал Ахметовтер енді.