Парламентте құқық бұзушылықтың алдын алу туралы жобаға қатысты келісім комиссиясы құрылады

АСТАНА. Ақпанның 4-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ ‑ Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» заң жобасы бойынша қос палата арасындағы келіспеушіліктерді еңсеру үшін келісім комиссиясын құру туралы шешім қабылдап,

Парламентте құқық бұзушылықтың алдын алу туралы жобаға қатысты келісім комиссиясы құрылады

оның құрамына палата депутаттарын сайлады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Естеріңізге сала кетейік, заң жобасының мақсаты құқық бұзушылықтың алдын алу саласындағы бірыңғай мемлекеттік саясатты орнықтыру болып табылады. Сонымен бірге, құжат құқық тәртібін нығайту, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының қорғалуын қамтамасыз ету, құқық бұзушылық профилактикасының тиімді жүйесін қалыптастыру шараларын қамтиды. Бұдан басқа, бұл бағытта атқарушы билік, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, құқық қорғау органдарының, әлеуметтік мекемелердің, қоғамдық ұйымдар мен азаматтардың өзара іс-қимылын жетілдіру мәселелері көзделіп отыр. Сондай-ақ, заң жобасында құқық бұзушылықтың алдын алатын субъектілердің іс-қимылын үйлестіру, бостандықтан айыру орындарында жазасын өтегендерді әлеуметтік бейімдеу шаралары және халықтың құқықтық мәдениетін арттыру қарастырылған.

Мәжіліс мақұлдаған заң жобасына сенаторлар бірқатар түзету енгізген болатын. Атап айтқанда, Сенат белгілі бір тұрғылықты жері немесе құжаттары жоқ адамдарға қатысты жеке профилактика шарасы ретінде жүріп-тұру бостандығын алдын ала шектеуді ұсынды. Бұл ұсыныс Конституциялық кеңестің Парламентке жолдауын іске асыру мақсатында жасалып отыр. Бұдан басқа тағы біршама өзгерістер бойынша Парламент Мәжілісі келісім комиссиясын құруды ұсынған еді. Сенат тарапынан келісім комиссиясының құрамына депутат Серік Ақылбай, Иран Әрімов, Ермек Жұмабаевтар сайланды.