Парламенттік каникулды бір айға дейін қысқарту керек - С.Ақылбай

АСТАНА. ҚазАқпарат - Парламенттік каникулды бір айға дейін қысқарту керек. Бүгін Астанада ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Сенат депутаты Серік Ақылбай осындай пікір білдірді.

Парламенттік каникулды бір айға дейін қысқарту керек - С.Ақылбай

Еске сала кетейік, Парламенттің төртінші сессиясының ашылуы барысында Мемлекет басшысы депутаттық каникул мерзімін қысқарту туралы мәселе қойған еді.

«Өз басым бір айдан артық демала алмаймын. Сонымен қатар демалысты қысқартуға келсек, бізге барша жұрт секілді, оның ішінде Үкіметпен бірдей жұмыс істеп, демалыстың бір айын синхронды жұмыс істеуге арнаған дұрыс шығар. Өйткені депутаттар каникулда болғанда да Үкімет заң жобаларын енгізеді, алайда біз жоқпыз. Осының салдарынан заң шығару үдерісі шамалы кідірістеп қалады», - дейді Серік Ақылбай.

Оның пайымынша, депутаттық каникулды қысқарту заң шығару үдерісін үздіксіз жүргізуді қамтамасыз ете алады. Бұл өз кезегінде Парламентке де, Үкіметке де тиімді, халыққа да пайдалы.

Ал сенатор Рашит Ахметов те мұндай бастаманы қолдайтынын айтып, әріптесіне толық қосылатынын жеткізді.

«Заңдар уақытылы қабылдануы керек болса, оған ешқандай кедергі болмауы керек. Ал өңірлерге сапарға келсек, мұны да қысқарту арқылы оңтайлы шешімге келуге болады», - дейді Р.Ахметов.