Парламенттің өкілеттігін кеңейту үшін барынша оңтайлы шешім табуымыз қажет-ҚР Президенті Н. Назарбаев

АСТАНА. 8 сәуір. ҚазАқпарат / Қанат Мәметқазыұлы/ -Бүгін Астанадағы Тәуелсіздік сарайында өткен ұлықтау рәсімінде Қазақстан халқына Ант беріп, жаңа президенттік мерзімге ресми кіріскеннен кейін сөйлеген сөзінде ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қоғамды демократияландыруға бағытталған жұмыстар жалғасатыннын жеткізіп, бұл ретте Парламенттің өкілеттігін кеңейту үшін барынша оңтайлы шешім табуымыз қажеттігін атап көрсетті.

Парламенттің  өкілеттігін кеңейту үшін барынша оңтайлы шешім табуымыз қажет-ҚР Президенті Н. Назарбаев

«Біз ашық экономикалы, демократиялық саяси жүйені құратын боламыз. Біздің реформалардың динамикасы жүздеген жылдар бойы демократиясы дамыған кез келген елдерге қарағанда аса биік. Біз өзіміздің қоғамды демократияландыруға бағытталған жұмыстарымызды жалғастыра беретін боламыз. Парламенттің өкілеттігін кеңейту, Үкіметтің жауапкершілігін арттыру, сайлау үдерісі заңнамасын жетілдіру үшін ең оңтайлы шешімдер табуымыз керек. Биліктің орталықсыздануы, өңірлердің өкілеттерін көтеру үшін теңгерімді шешімдер табуымыз керек. Саяси мәдениетті де дамыту қажет», - деді Елбасы.


Сонымен қатар Президент өткен сайлауда бірінші рет «қара пиар» болмады деген пікірін білдіре келе, сол үдерістің тыныш жағдайда өткенін айтып, бұның алдағы сайлау науқандарына үлгі болуы тиістігін баса айтты. «Тек осы жағдайда ғана бізде нағыз демократия, тиімді көппартиялық жүйе дамиды», - деді Н. Назарбаев.