Парламенттің реформалары мен жоспарлары Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыруға бағытталды - О.Мұхамеджанов
АСТАНА. 31 қаңтар. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Мәжіліс төрағасы Орал Мұхамеджановтың айтуынша, Парламенттің осы уақытқа дейінгі реформалары мен жоспарлары экономикалық әлеуетті нығайтып, сол арқылы Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыруға бағытталды. Бұл туралы төраға бүгін еліміздің Жоғары заң шығарушы органының 15 жылдығына арналған салтанатты жиналыста мәлім етті.
Төрағаның сөзіне қарағанда, Қазақстан Парламенті біздің тарихымызда өзіндік орны бар Жоғарғы Кеңестен бастап, еліміздің экономикалық өркендеуіне, саяси тұрақтылықты, азаматтық бейбітшілік пен ұлттық келісімді нығайту жолындағы қызметін баянды атқарып келе жатқан қос палаталы кәсіби Парламентке дейінгі жолдан өтті. Бүгінгі таңда ол жалпыға ортақ әлемдік парламентаризм қағидаттарына сәйкес жұмыс істейтін заң шығару тәжірибесі толысқан мемлекеттік, саяси құрлымның маңызды бөлігіне айналды.
«Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Парламент қызметіне баға бере келе «Бүгінде біздің заңнамалық функцияларды жүзеге асыратын жоғары өкілетті орган ретіндегі, кәсіби қос палаталы Парламентіміз іске асып қана қойған жоқ, сонымен бірге уақыт сынынан ойдағыдай өтті деп нық сеніммен айта аламыз», -деп атап көрсетті. Қазақстанның қос палаталы Парламенті құрылған кезден бастап, қоғам өмірінің барлық саласын қамтитын 1 мың 800-ден астам заңнамалық акті қабылдады. Олардың әрқайсысы депутаттардың тыңғылықты сараптауынан өткен Парламентте де, қоғамда да тіпті сыртқы елде де пікірталас тудырған шығармашылық ақыл-ойдың жемісі бола отырып, саяси-экономикалық және қоғамдық-әлеуметтік маңызға ие болды»,-деді О.Мұхамеджанов.
Сондай-ақ оның айтуынша, Парламент депутаттары 111 заң жобасына өздері бастамашылық жасап, әзірледі. Олардың қатарында халықтың көші-қоны, тіл, баланың құқықтары, саяси партиялар, ерлер мен әйелдердің тең құқықтарының мемлекеттік кепілдіктері, жемқорлыққа қарсы сараптау мәселелері жөнінде және басқа да көптеген маңызды заңдар бар.