Парламенттің төртінші сессиясы 5 шілдеге дейін ұзартылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Парламенттің төртінші сессиясы 2019 жылғы 5 шілдеге дейін ұзартылды. Осы орайда бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысында депутаттар тиісті шешімді қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сабақтастық негізінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың әлеуметтік стратегиясын жалғастырып, халықтың өзекті мәселелерін шешуге бағытталған іргелі шараларды қабылдауда. Президент әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған азаматтардың борыш жүктемесін азайту шаралары туралы Жарлыққа қол қойды. Осы қабылданған шешімнің арқасында әлеуметтік тұрмысы төмен азаматтарға көмек көрсетіледі. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет халықтың ең өзекті әлеуметтік мәселелерін шұғыл түрде шешуге арналған және халықтың әл-ауқатын арттыру мақсатында жедел шаралар топтамасын әзірледі», - деді А. Мамин.

Оның сөзіне қарағанда, осы шаралардың іске асуы нәтижесінде ағымдағы жылдың аяғына дейін жұмыссыз 300 мыңнан астам адам «Бастау бизнес» және «Жас кәсіпкер» баңдарламалары бойынша кәсіптік білім беру арқылы жұмысқа орналастыру шараларымен қамтылады.

Сонымен қатар, жеке кәсіпкерлікті ұзақ мерзімді несиелер және гранттар ұсыну арқылы дамыту шаралары, аз қамтылған отбасыларға жалдамалы баспана құрылысын екі есе өсіру, жұмыс істейтін жастарға жалдамалы үйдің құрылысын үш есеге арттыру шаралары қолға алынады. Сондай-ақ аз қамтылған отбасылардың балаларына кешенді әлеуметтік қолдау шаралары ұйымдастырады. Соның ішінде биыл 5 мың білім гранттары бөлініп, тегін жол жүру, мектептер қажет заттармен қамтамасыз етіледі.

«Осы маңызды үлкен шараларды іске асыру үшін 2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заңға өзгерістерді енгізу қажет. Осыған байланысты бюджетке енгізілетін өзгерістерді қарастыру үшін Парламент сессиясының жұмысы мерзімін ұзарту мәселесін қарастыруды сұраймын. Бұл тұрғыда алдағы уақытта Парламент пен Үкімет осы әлеуметтік маңызы үлкен шараларды қабылдауда белсенді жұмыс атқаратынына сенемін», - деді Үкімет басшысы.

Өз кезегінде Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин алтыншы сайланған Парламенттің төртінші сессиясы 5 шілдеге дейін ұзарту мүмкіндігі бар екенін атап өтті.

«Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді жүзеге асыру үшін қос палата депутаттары осы бюджет жобасын жан-жақты талқылап, қабылдауымыз қажет. Осыған байланысты Сенаттағы әріптестерімізбен бірге ақылдастық, Парламент сессиясы жұмысының мерзімін ұзартуды қарастырдық. Мұндай мүмкіндік бар. Осы жерде айта кету керек, Конституциямыздың 59-шы бабының үшінші тармағында Парламенттің кезекті сессиясы қыркүйектің бірінші жұмыс күнінен маусымның соңғы жұмыс күніне дейін өткізіледі деп белгіленген. Сонымен бірге, Конституциялық Кеңестің Конституция нормасына берген ресми түсіндірмесін негізге ала отырып, алтыншы сайланған Парламенттің төртінші сессиясын 2019 жылғы 5 шілдеге дейін ұзартуды ұсынамын», - деді Н. Нығматулин.

Соңғы жаңалықтар