«Парта менен перзентхана арасы... мәселе болып тұрғанын қарашы!» - республикалық басылымдарға шолу
АСТАНА. 14 шілде. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 14 шілде, сенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
***
Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласында берілген тапсырмаларды іске асыру жөніндегі шаралар туралы» қаулы жобасы бекітілді. Осы жайт арқау болған мақала «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында «Шешуші ұлттық фактор» деген тақырыппен берілген. Аталған құжатты Экономикалық даму және сауда министрі Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, биылғы жылдың өзінде 4 заң жобасын, 1 мемлекеттік бағдарламаны, 2 тұжырымдама мен 3 Үкімет қаулысын әзірлеу жоспарлануда. «Үкімет отырысының қорытындысында министрліктер басшылары Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру жолындағы аса жоғары жауапкершілікті сезіне отырып, бәсекеге қабілетті де пәрменді Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамын құруға бағытталған әлеуметтік саясат қалыптастыру шараларына белсене атсалысатындарын жеткізді», - деп жазады басылым.
***
«Қазақ халқы ежелден «он үште отау иесі» деп қызын қияға, ұлын ұяға қондыруға асыққан. Тіпті халқымызда «Өлімнен өзгенің ерте келген жөн» деген тәмсіл қалған. Бірақ осы тәмсілді алға тартып. Артық қылудың орнына, бесіктен белі шықпай ана, келін атанып жүрген жасөспірімдердің саны күн сайын артып барады», - деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі санындағы «Парта менен перзентхана арасы... мәселе болып тұрғанын қарашы!» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның атап өтуінше, елімізді жыл сайын бесіктен белі шықпаған 10 мыңға жуық жасөспірім қыз ана атанады. Ал соңғы он жылдың ішінде кәмелеттік жасқа толмаған 31 мың бойжеткен келін атанып, босаға аттаған екен.
***
«Алаш айнасы» газетінің тұрақты «Дат!» айдарында ОҚО Саяси қуғын-сүргін құрбандары мұражайының директоры, ақын Ханбибі Есенқарақызымен арадағы сұхбат «Қазақ қоғамы әдебиет пен өнерден гөрі саясатқа бейімделіп кетті» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің барлық сауалына тұщымды жауап берген ақын: «Әр қазақ кең болса... Қолы ұзындарымыз жаз болса жағалау кезіп, қыс болса аң қуып, қарақан басының құмарлығымен кетпей, жоқты жарылқап, жарым көңілдің жасын сүртсе... Қазақ өзге халықтан несімен ерекшеленеді? Кеңдігімен, молдығымен, жомарттығымен. Алайда қазір жомарт қазақ қалды ма?», - дейді.
***
Елорданың тату-салондарының клиенттері патриоттық тақырыптардағы суреттерді өз денелеріне таңбалауға тапсырыс көп беретін болыпты. Бұл жайында «Экспресс К» газетінің сенбілік санындағы «Потому, потому что патриоты» деген тақырыптағы мақалада баяндалған. Мәселен, басылымның жазуына қарағанда, кейбіреулер ақалтеке бәйге атын, әнші Мадина Сәдуақасованың портретін, «Қазақстан-2030» жазуын таңбалауға тапсырыс береді екен. Бірде салонға келген қартаң адам проблемалы үлескерлік үйлерді салуға қаржы бөлген мемлекетке ризашылығы ретінде «Қазақстан-2030» сөзін денесіне таңбалатуға тапсырыс берген екен.
***
«Время» газетінің жазуынша, еліміздің «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры ребрендинг жүргізуді ойластырып отырған көрінеді. Яғни қордың нышандарынан бастап атауына дейін өзгерту көзделуде. Ал бұл процедураны жүргізуге қор бюджетінен қанша қаржы шығындалатындығы жайында әзірше ақпарат жоқ.
«Дегенмен, «Самұрық-Қазына» - ұлттық әл-ауқат қоры, олай болса ребрендингке жұмсалатын ақша да ойлап қарасаңыз барлық ұлтқа тиесілі ғой», - деп жазады басылым.