Партиялар пікірсайысы: Respublica партиясы ауылдағы ағайынның шағымын басты бағдар етіп алмақшы
Партия төрағаларының бірі Сырымбек Тау «Qazaqstan» ұлттық арнасының тікелей эфирінде өтіп жатқан пікірсайыста осындай ой айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Біздің партия осы күнге дейін 700 мыңға тарта адаммен кездесу өткізіп, 8 облыс, 3 қаланы аралады. Біз қала мен ауыл арасындағы айырмашылық өте үлкен екенін байқадық. Көп адамның айтып жатқан ұсынысы – еңбекқор адамның жалақысы өте төмен.
«Ауылдағы балалардың білімі мен қаладағы балалардың білім деңгейі 5 жылға ажырап кеткен және жемқорлық шегіне жеткен. Осындай жағымпаздықтың шегінде тұрмыз», - дейді. Сондықтан біздің ойымыз – бірінші білімді көтеруіміз керек. Көп жерде адамдар айтады, «Бірінші байлық – денсаулық», - дейді. Жоқ! Бірінші байлық негізі біліммен келеді.
«Неге ауылда туған бала қаладағыдай оқи алмайды? Оның кінәсі не», - деген сұраққа жауап таба алмай келе жатырмыз. Сондықтан біз ең бастысы білім мәселесін шешеміз», - деді Respublica өкілі.
Оның пайымынша, ауылдарда шағын және орта кәсіпке ешқандай жағдай жасалмаған.
«Екіншіден, ауылдағы орта кәсіпті өлтіріп тастаған деуге болады. Орта кәсіпке ешқандай жағдай жасалмаған. Орта кәсіпкерлердің өз күші мен ұмтылысы ғана бар. Сондықтан орта кәсіпті дамытуға еңбектенеміз. Еңбекқор адамдардың жалақысы бағаланбай жатыр. Ауылдан келеді де қалада жұмыс істеп, 70 мың теңге алады. Оған күн көру мүмкін емес. Сондықтан еңбекқор адамдарды бағалауымыз керек», - деді ол.
Сырымбек Таудың сөзіне қарағанда, ауылдағы сайлаушылар тұрғын үйдің бәрі қалада салынып жатқанынан наразы.
Еске сала кетейік, «Qazaqstan» ұлттық арнасының тікелей эфирінде Мәжіліс сайлауына қатысатын 7 саяси партия өкілдерінің арасында өткен пікірсайыс бірер сағат бұрын аяқталды. Оған «Amanat» партиясынан Елнұр Бейсенбаев, «Ауыл» халықтық демократиялық партиясынан Жигули Дайрабаев, Respublica партиясынан Сырымбек Тау, Қазақстан Халық партиясынан Асхат Асылбеков, «Байтақ» жасылдар партиясынан Азаматхан Әміртаев, «Ақ жол» демократиялық партиясынан Берік Дүйсембинов, ал Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясынан Нұрлан Әуесбаев қатысты.