«Партиялық тізімдерден 18 кандидат шығарылды» - республикалық басылымдарға шолу
***
Кеше Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұловтың төрағалық етуімен Комиссиясының отырысы өтті. Отырыста бұрын тіркелген партиялық тізімдерден 18 Парламент Мәжілісі депутаттығына кандидатты шығарып тастау және 2012 жылғы 15 қаңтарда Жаңаөзен қаласында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттары депутаттарының сайлауын өткізбеу туралы шешім қабылданды. Осыған орай «Егемен Қазақстан» газетінде «Партиялық тізімдерден 18 кандидат шығарылды» деген тақырыппен мақала басылды. Басылымның атап өтуінше, партиялық тізімдерден шығарылған кандидаттар: «Нұр Отан» ХДП партиялық тізімі бойынша тіркелген Нұрлан Абдуллин, Асхат Акчурин, Жәния Әубәкірова; «Ақ жол» партиясынан - Ерлан Барлыбаев, Берік Дүйсенбинов, Тілеубек Ерғалиев, Көпесбай Жанпейісов, Болат Момышев; ЖСДП-дан - Аманжол Дәукенов, Өтеген Иқсанов, Серік Рахымберлин; «Ауыл» партиясынан - Қасымхан Ақтаев; «Әділет» партиясынан - Шайзада Бекішева, Гүлмира Ниязбекова, Жарылқап Қалыбаев; «Патриоттар» партиясынан - Берік Аманбаев, Владимир Лопаткин. Сонымен қатар Жаңаөзенде сайлаудың өткізілмеу себебін білгіңіз келсе, басылымның бүгінгі санын жіберіп алмаңыз.
Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның бір топ көшбасшылары осы күндері Оңтүстік өңірлерде сайлаушылармен кездесулер өткізіп жүр. Олар партияның сайлауалды бағдарламасымен жұртшылықты таныстырып, әрі жиналғандардың көптеген сұрақтарына жауап беруде. Қатарында Жармахан Тұяқбай, Тоқтар Әубәкіров, Балташ Тұрсымбаев және Оразалы Сәбден болған бұл топ Оңтүстік Қазақстан облысындағы кездесулерін Төле би ауданынан бастап өткізді. Бұл жайында «Егемен Қазақстан» газетіндегі «Партия ашық пікір сайысқа дайын» деген тақырыптағы мақалада кеңінен баяндалған. Сонымен қатар осы басылымның бүгінгі нөмірінен басқа да саяси партиялардың сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарымен кеңінен таныс бола аласыздар.
***
«Казахстанская правда» газетінің жазуынша, кеше Астанада «Руханият» партиясының кезектен тыс съезі болып өтті. Оның жұмысына партияның облыстық, қалалық филиалдары мен өкілдіктерінен делегаттар қатысты. Съезде «Руханият» партиясының жаңа басшысын сайлау, партияның басшылық органдарының жаңартылған құрамын жасақтау сияқты мәселелер қаралды. «Руханияттың» негізін қалаушы А.Жағанованың айтуынша, қалыптасқан жағдай оның серіктестері мен пікірлестеріне және бүкіл партияға көлеңкесін түсірді. Осыған байланысты, съезге қатысушылардың дауыс беруі арқылы С.Мәмбеталинді лауазымынан босату және оны аталған партияның қатарынан шығару жөнінде шешім қабылданды. Съезд қорытындысы бойынша «Руханият» партиясының төрайымы болып Алтыншаш Жағанова қайта сайланды», - деп жазады басылым. Егжей-тегжейлі басылымның бүгінгі санындағы «Возвращение к истокам» деген тақырыптан біле аласыздар.
«Литер» газетінің бүгінгі нөмірінде жарық көрген «Программа максимум» атты мақалада Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру қорытындылары туралы баяндалған. Басылымның атап өтуінше, аталған бағдарлама аясында қолға алынған жобалардың 70 пайызы бүгінде іске қосылған. Жалпы бағдарлама шегінде 389 индустриялық бизнес-жоба жүзеге асырылуда. Барлық кәсіпорындарды іске қосу 90 мың қосымша жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді. Инвестицияның толық көлемі 1,8 трлн. теңгені құрайды. 389 жобаның 300-і қазіргі уақытта толық қуатына шыққан. Ал индустрияландыру картасы аясында жалпы сомасы 9,6 трлн. теңгені құрайтын 609 жоба жүзеге асырылуда. Бұл шамамен 400 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.