Паспортты онлайн жаңарту қашан іске қосылады

АСТАНА.KAZINFORM – Қазақстандықтар үшін паспортты онлайн қайта рәсімдеу қызметі қашан қолжетімді болатынын Жасанды интеллект және цифрлық даму бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкин айтты.

2026 жылдан бастап қазақстандықтар жеке куәлікті тегін алады әрі ауыстыра алады
Фото: Kazinform

– Биыл жоспарланбайды деп нақты айта алмаймын. Бұл қызметті іске қосуға шынымен мүмкіндігіміз бар екеніне көз жеткізсек, биыл-ақ іске қосуымыз мүмкін. Бұл жеке куәлікті қайта рәсімдеу бойынша пилоттық жобаға байланысты, – деді Ростислав Коняшкин брифингіде.

Қазіргі уақытта ведомство жеке куәлікті онлайн қайта рәсімдеу қызметін пилоттық режимде сынақтан өткізіп жатыр. Алғашқы кезеңде бұл сервис құжаттың жарамдылық мерзімі аяқталған жағдайда қолжетімді.

– Біз бұл қызметті толық жетілдіріп, мінсіз деңгейге жеткізгеннен кейін ғана құжаттардың басқа түрлеріне қатысты мүмкіндіктерді қарастырамыз деп шештік. Оның ішінде паспорттарды онлайн қайта рәсімдеу және жеке куәлікті басқа да себептер бойынша қайта шығару мүмкіндігі қарастырылады. Қазір қызмет тек құжаттың жарамдылық мерзімі аяқталған жағдайда қолжетімді. Кейін құжат жоғалған кезде, тегін өзгерткен жағдайда және басқа да жағдайларда қайта рәсімдеу мүмкіндігі қарастырылуы ықтимал, – деп түсіндірді вице-министр.

Айта кетейік, ХҚКО-ға жүгінудің 79 пайызын құрайтын 10 қызмет онлайн форматқа көшірілді.