Патент құқығы туралы шарт қабылданды - Парламент

АНА. 31 наурыз. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «Патент құқығы туралы шартты ратификациялау туралы» ҚР заңын қабылдады.

Патент құқығы туралы шарт қабылданды - Парламент

Патент құқығы туралы шартты 2000 жылы 1 маусымда консенсус арқылы 140-тан астам тәуелсіз мемлекеттердің қатысуымен Дүиежүзілік зияткерлік меншік ұйымының аясында құрылған Дипломатиялық конференция қабылдаған болатын. Бұл 2006 жылдан бастап күшіне еніп келеді. Сондай-ақ, құжаттың ережелері 1970 жылғы 19 маусымдағы Патенттік корпорация туралы шартқа тығыз байланысты. Ал Қазақстан бұған 1993 жылғы 5 ақпанда қосылған болатын.

«Қазіргі ғылыми-техникалық жаңалықтар күнделікті тұрмысымызға еніп жатқан уақытта қолданыста кеңірек пайдаланылып жатқан зияткерлік меншік саласындағы үдерістердің маңызы күн сайын артып келеді. Халықаралық патенттеу саласын қорғау және оны ары қарай жетілдіру ең алдымен әлемде бар үздік технологияларды қолдау болып табылады. Бұл үшін әр мемлекет зияткерлік меншікті қорғауды қамтамасыз етулері қажет. Осы ретте Патент құқығы туралы шартты ратификациялау - басқа мемлекеттер қосылған халықаралық шарттарды қабылдай отырып, шетелдік өнертапқыштардың алдында тиісті міндеттемелер алып, біздің өнертабыстарымызды шет елдерде қорғауды қамтамасыз ету болып табылады», - деді заң жобасы бойынша баяндаған Әділет министрінің орынбасары Әмірхан Аманбаев. Аталған шартқа қосылу бірқатар артықшылықтар береді. Атап айтқанда, ұсынылатын құжаттарға қойылатын формалдық талаптарды бірдейлендіру мен оңайлату, құжаттарды рәсімдеу кезінде қате жіберу жағдайын азайту, патент құқығын жоғалту жағдайларын төмендету, электрондық өтінім беру мүмкіндігін қамту шаралары жүзеге асады.

Парламент қабылдаған заң Мемлекет басшысының қол қоюына жіберіледі.