Пәтер сатушыны өлтірген үш жезқазғандыққа үкім шықты

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағандыда 58 жастағы ер адамды мылтықпен атып өлтіріп, үйін тонап кеткен үш жезқазғандыққа сот үкімі шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Пәтер сатушыны өлтірген үш жезқазғандыққа үкім шықты

«Судья екі сотталушыны Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы, соның ішінде адам (жәбірленушіні) өлтіру бойынша айыпты деп танып, 21 жылға бас бостандығынан айырды. Олар қауіпсіздігі барынша күшейтілген мекемеде жазасын өтейді. Үшінші сотталушыны қылмысты жасырды, жәбірленушінің мүліктерін тонауға қатысты деп танып, оған алты жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы белгіленді. Ол қауіпсіздік деңгейі орташа мекемеде жазасын өтейтін болады. Үкім заңды күшіне енген жоқ», - дейді Қарағанды мамандандырылған ауданаралық сотының өкілдері.

Бұдан тыс, моральдық залалдың құны ретінде қылмыстық істің негізгі фигуранттарының әрқайсынан 1,5 миллион теңге өтемақы өндіру туралы шешім шығарылды. Сондай-ақ жәбірленушінің ұлы Ерқанат Шәкіров бұрын материалдық залал үшін 6 миллион 644 мың теңге мөлшерінде өтемақы талап еткен болатын. Сот материалдық залалдың өтемақысы ретінде 2 миллион 453 миллион теңге өндіру туралы шешім шығарды.

Еске сала кетейік, белгісіз себептерге орай адам өлтіру дерегі туралы былтыр мамыр айының басында хабар тараған еді. Жәбірленушіні іздеуге 8 ай уақыт кетті. Еркін Шәкіровті алдымен атып өлтіріп, денесін өртемек болған. Шәкіровті өлтірудегі мақсат пәтерді сатқаннан түскен қаржыны ұрлау болған. Жәбірленушіні қатыгездікпен өлтіргендер оның пәтерінің кілтін алып, бағалы заттарын ұрлап кеткен. Қылмыс сегіз ай уақыт өткен соң ғана ашылды. 

Фото: yakutsk.news