Пәтер сатылғаннан кейін ТКШ-ны жаңғыртудан қалған қарызды кім төлейді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Екібастұз қаласында Тұрғын үй коммуналдық шарушылығын жаңғырту бағдарламасы аясында көппәтерлі үй күрделі жөндеуден өткен болатын. Бір пәтердің иесі өз үйін қарызымен бірге сатып жіберді. Алайда үйдің жаңа иесі күрделі жөндеудің берешегін төлеуден бас тартты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Пәтер сатылғаннан кейін ТКШ-ны жаңғыртудан қалған қарызды кім төлейді

Екібастұз қалалық соты таратқан ақпаратқа сәйкес, жөндеу жұмыстарын жасаған жекеменшік компания бұрынғы иесін сотқа беріп, қарызды төлеп беруді талап етті.

Л. есімді келіншек пәтерін сатқанда тұрғын үй коммуналдық шарушылығын жаңғыртудан қалған қарызы жайында айтқанын жеткізді. Оның сөзіне қарағанда, пәтердің жаңа иесі екі айлық ақшаны төледі. Демек, қарызды өз мойнына алды.

Бірақ А. есімді азамат пәтерді өз атына аударғанда коммуналдық төлемдер үшін берешектің болмағанын айтты. Бұрынғы иесі күрделі жөндеудің қарызы бар екенін ескертпеген. Ал екі айдың ақшасын төлегенде ол нақты не үшін ақша аударғанын өзі де дұрыс түсінбепті. Артынан ол қарызды мүлдем төлемей қойды.

«Тұрғын үй коммуналдық шарушылығын жаңғырту туралы келісімшарттары мен Азаматтық кодекстің 346 мен 347-баптарына сәйкес, пәтердің иесі үйді сатқанда жаңғыртудан қалған қарызды басқа адамға аудару туралы келісімді жасауы тиіс. Аталған құжат рәсімделмесе, пәтердің жаңа иесі берешекті төлеу міндетінен босатылады. Осыған байланысты жекеменшік компанияның шағымы жартылай қанағаттандырылды. Пәтердің бұрынғы иесі ТКШ-ны жаңғырту аясында күрделі жөндеу жұмыстары үшін 119 455 теңге төлеп беруі тиіс», - делінген соттың ресми хабарламасында.