Пәтер тонаумен ұсталған күдіктіге тағы да 11 қылмысқа қатысы бар деген айып тағылды
АЛМАТЫ. 24 тамыз. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - 35 жасар ақтөбелік әккі ұрының осы уақытқа дейін жасаған қылмыстарына тәжірибелі тәртіп сақшыларының өздері де таң қалып отыр, деп хабарлайды Алматы қаласы ІІД баспасөз орталығы.
Дене бітімі физикалық тұрғыдан жақсы дамыған ол, қылмыс жасауға тыңғылықты дайындалып шыққан көрінеді. Тіпті, қолайсыз жағдайлар туындаған жағдайларда қалай із жасыру керектігін, нақты жоспарлар арқылы іске асырған. Ол өзінің әр қадамын аңдап басып, аса сақтықпен қимылдаған.
«Біз қаламыздың жатын аудандарында орын алған бір сарынды қылмыстарды тек бір адам жасап жүргендігін бірден аңғарған болатынбыз. Әккі ұры тек қана екінші қабатта орналасқан пәтерлерді тонаумен ғана айналысқан. Пәтер терезелерінен ішке оңай енген қылмыскер, саусақ іздерін қалдырмас үшін қолғап киіп алып іске кіріскен. Әп сәтте алтын бұйымдар мен әйелдердің қымбат тондарын жымқырған ол, ешқандай қымсынбастан есік арқылы, көршілер көзіне шалынбай-ақ дәлізбен далаға шығып кете берген»,-деп атап көрсетті Алматы қаласы ІІД-нің Криминалдық полиция басқармасының, мүліктік қылмысқа қарсы күрес бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Арсен Баймұханбетов.
Тәртіп сақшыларының назарына ілікпес үшін ол, жымқырып алған оңай олжаларын Алматы қаласында саудаламаған. Қаламызда небәрі бір ай ғана тұрақтаған ұры, кезекті қылмыстарын жасағаннан кейін өз аймағына кетіп қалып отырған. Жаз мезгілі мұндай кәсіппен айналысатындар үшін өте қолайлы болғандықтан, баукеспе ұры үйде теледидар қарап жатуды жөн санамаған көрінеді. Бір қызығы ол шаһарымыздағы қымбат қонақүйлерді ғана мекен еткен.
«Біз күдіктіні ұзақ іздестіру іс-шараларынан кейін ғана қолға түсірдік. Ол қаламыздағы мөлтек аудандардың бірінде кезекті пәтер тонау кезінде құрықталды. Қымбат ноутбук пен сандық фотоаппарат, және де ірі көлемде ақша жымқырып үлгерген ол, кешкілік ұшаққа билет алып, сол күні Ақтөбеге ұшып кетуді жоспарлап қойған. Кәмелеттік жасқа толмаған екі баланың әкесі бұдан бұрын да ұрлық жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Тергеу амалдары жалғасуда»,-деп мәлімдеді А.Баймұханбетов.