Пәтер жалдаймын деп алданып қалмаңыз: 13 адам 2,1 млн теңгесінен айырылған

АСТАНА. KAZINFORM — Астаналық әйел Қазақстанның бірнеше қаласында пәтерді жалға беру туралы жалған хабарландыру жариялап, 13 адамды алдаған. Ол жәбірленушілерден депозит немесе алдын ала төлем ретінде ақша алып, жеке қажетіне жұмсаған. Келтірілген шығын көлемі 2,1 млн теңгеден асты.

Жительница Астаны заработала 2,1 млн теңге на фиктивной аренде квартир
Фото: Kazinform/ЖИ

Астана қаласы прокуратурасының мәліметінше, 37 жастағы әйел өзін пәтер иесі ретінде таныстырып, танымал жарнама платформасына жалған хабарландырулар орналастырған. Сөйтіп, тұрғын үй іздеген азаматтарды алдын ала ақша аударуға көндірген.

Қысқа уақыт ішінде оның әрекетінен 13 адам зардап шеккен. Жалпы шығын 2,1 млн теңгені құрады.

— Сот әйелді екі немесе одан да көп адамға қатысты бірнеше рет алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танып, 7 жылға бас бостандығынан айырды. Алайда кәмелетке толмаған баласының болуына байланысты жазаны орындау 3 жылға кейінге қалдырылды, — делінген хабарламада.

Сот жәбірленушілердің материалдық шығынды өндіру туралы азаматтық талаптарын толық қанағаттандырды.

Астана қаласының прокуратурасы тұрғын үйді жалға алу кезінде сақ болуға шақырады. Азаматтарға пәтер иесінің жеке басын және меншік құқығын растайтын құжаттарын тексеру ұсынылады. Сондай-ақ жалдау шарты жасалып, құжаттар толық тексерілгенге дейін алдын ала төлем немесе кепілақы аудармаған жөн.

Осыдан бұрын СҚО-да 40-қа жуық тұрғын алаяқтардың құрбаны болғанын жаздық.