Пәтерді иемдену үшін адам өлтіруге қатысты деген күдіктілер анықталды

АСТАНА. 4 сәуір. ҚазАқпарат - Пәтерді иемдену үшін адам өлтіру фактісі бойынша күдіктілер анықталды.  Бұл туралы бүгін Астанада өткен брифингте Ішкі істер министрлігінің ресми өкіл Нұрділдә Ораз мәлім етті.
None
None

«Алматыда полиция қызметкерлері ағымдағы жылғы қаңтар айында пайдакүнемдік ниетпен 51 жастағы жергілікті тұрғынды өлтіру қылмысын ашты. Ағымдағы жылғы қаңтардан бастап ол із-түссіз жоғалып, іздестіруде болған. Жедел-іздестіру және арнайы іс-шаралар кешенін өткізу кезінде полиция қызметкерлері 23-тен 29 жасқа дейінгі үш жергілікті тұрғынды ұстады. Тергеу барысында қылмыскерлер жәбірленушінің пәтерін иелену мақсатында оны өлтіргені анықталды»,-деді ресми өкіл.

Н. Ораздың сөзіне қарағанда, жәбірленуші пәтерде жалғыз тұрғаны және спирт ішімдігін асыра пайдаланғаны анықталған. Күдіктілер жәбірленушіге арақ ішкізіп, оның мас күйде болғанын пайдаланып, пәтерді белгісіз нотариус арқылы тұрғылықты тұратын жері жоқ адамның атына жазғызған. Содан кейін 20 жастағы жас жігіт жәбірленушіні тұншықтырып өлтірген, мәйітін автомашинаға салып, Алматы облысының Теректі ауылының жанына апарып өртеген.

«Ағымдағы жылғы ақпан айында қылмысты ұйымдастырған 24 жастағы адам жәбірленушінің үйінен заттарды шығарып, құжаттарды Алматы қаласының Техникалық түгендеу бюросына қайта ресімдеу үшін тапсырған. Ұсталғандардың оқиға болған жерде берген жауаптарын тексеру кезінде, мәйіттің қалдықтары табылды»,-деді ол.

  Қазіргі уақытта кісі өлтірген адамды және оның сыбайластарын анықтауға және ұстауға бағытталған жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізілуде.

Соңғы жаңалықтар