Пәтерін сатпақ болған оралдық 17 млн теңгесінен айырылып қалды

Орал қалалық ішкі істер басқармасы бастығының бірінші орынбасары Нұрлан Бисеновтің айтуынша, азаматша үйін сатамын деп әлеуметтік желі арқылы хабарландыру берген. Іле-шала бейтаныс адамдар сөйлесіп, пәтерді сатып алатынын айтады. Әйтсе де «Сіздің есепшотыңызға пәтер құнының алдын ала азғантай мөлшерін салғымыз келеді. Ол үшін сіздің жеке есепшотыңыз керек», деп әйелдің сеніміне кіреді. Бұған сеніп қалған әйел ештеңе ойламастан өзінің жеке куәлігінің, банкіден ақша алатын банкомат карточкасының алдыңғы және артқы беттерін суретке түсіріп, ватсап желісі арқылы хабарласқан кісілерге жөнелтеді.
Алаяқтар барлық деректерді мобильді банктерге бекітіп, азаматшаның банкомат картасындағы пин-кодын қажет етпей-ақ, есеп шотындағы 17 млн теңгені шешіп алған.
Банк қызметкерлерінің көңіліне күдік ұялатпау үшін ақшаны араға күндер салып, бірнеше мәрте алған. Содан кейін банкке барғаназаматша есеп шотындағы ақшаның жоқтығын бір-ақ біледі.
Қазіргі кезде ҚР ҚК 190-бабы 4-бөлігіне сәйкес қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.
Күдіктілер іздестірілуде, бұл істі ашуға мүмкіндік бар.