«Пәтерін жалға берушілер күніне қанша пайда табады?» - республикалық басылымдарға шолу
АСТАНА. 14 тамыз. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 14 тамыз, сейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
«Егемен Қазақстан» бүгінгі санында «Ежелден ер деген Даңқымыз шықты ғой. Намысын бермеген Қазағым мықты ғой!» атты мақаласында күні кеше шымылдығы жабылған Лондон Олимпиадасындағы Қазақстанның жетістігі жайында сөз қозғайды.
Мақалада атап көрсетілгеніндей, Ұлыбритания астанасының төрінде осы күндері еліміздің әнұраны - «Менің Қазақстаным» нағыз таңдаулы әуенге айналып үлгерген.
«Қазақстан бұл Олимпиадада өзі межелеген 13 медальді түгел алды. Бірақ, бастағы жоба 3 алтын медаль еді, сайыпқырандарымыз бұл белдеуді екі еседен де астам биікке көтеріп, бағалы металл мөлшерін жетеуге жеткізді. Атам қазақ үшін жеті саны қашаннан киелі саналған. Ендеше, өз иесі бар киелі Қазақ жұрты сол қасиетті деңгейден көрінді. Осы алтын медальдары арқылы олимпиадашыларымыз тарихта тұңғыш рет 12-орынға көтерілді», - деп жазады басылым.
Сонымен қатар осы күні жоғары оқу орындарына тағайындалған гранттардың иегерлері анықталғандығы туралы хабарлануда. 2012 жылғы білім беру гранттары иегерлерінің тізімін «Егемен Қазақстан» газетінің беттерінен таба аласыздар.
Ал «Айқын» газеті «Пәтерін жалға берушілер күніне қанша пайда табады?» деген сауалға жауап іздеп көрген. «Сонымен, Алматыдай алып шаһарда пәтерді жалға берушілер бір айда қанша пайда табады? Осы мәселені зерделеу мақсатында біз өзімізше «рейд» ұйымдастырып, мәселенің анық-қанығына көз жеткізуге тырыстық», - делінген мақалада.
«Алаш айнасы» газеті өзінің «Рекорд жаңартуда үздіктер қатарындамыз» деп аталатын мақаласында Қазақстан қоржынына жүлде салған спортшылардың жетістігі мен жалпы командалық есептегі еліміздің жоғары орындарға қол жеткізгендігін айта келе, Тұманды Альбион төрінде жаңартқан рекордтарымызды санап көрген.
«Міне, қызық, көш басында Қазақстанның спортшысы тұр - Илья Ильин. Бір өзі бес рекорд жаңартыпты. Оның екеуі Олимпиада, үшеуі әлем рекордтары», - дейді.
Басылымның жазуынша, Светлана Подобедова, Зүлфия Чиншанло, Майя Манеза қол жеткізген толағайлардың арқасында рекордтар саны бойынша жалпыкомандалық есепте төрттіктің қатарына ойып тұрып орын алыппыз.
Шығыс Қазақстан облысының шалғай аудандары мен ауылдарында жылу беру маусымына дайындық шараларын пысықтау және есеп беру жиындары басталды. ШҚО әкімі Бердібек Сапарбаевтың алдында ең алғашқылардың бірі болып Глубокое ауданынының әкімі есеп берді, деп жазады «Казахстанская правда» газеті «Ауыл адамдарында теннис алаңы болады» атты мақаласында. («Будет у сельчан теннисный корт»).
Газеттің атап өтуінше, аталмыш ауданға қарасты Секисов ауылдық округінде жаңа су тоғаны салынып бітуге жақын. Әрбірінің тереңдігі 40 метр болатын екі су ұңғымасы пайдалануға жаз айының соңында болмақ және елдімекен тұрғындарын таза сумен қамтамасыз етпек. Сонымен қатар құрылысшылар тамыз айының соңына дейін ауылда теннис кортын салып бітуді жоспарлауда. «Онда заманауи жаттығу залдары да болады», - деп атап өтеді басылым.