Пәтерлерін тезірек сатқысы келетін компаниялар нарықты дүрліктіріп отыруы мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM — Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев елімізде баспана бағасының көтерілу мүмкіндігіне қатысты пікір білдірді.
— Министрлік ретінде біз жеке құрылысшылардың бағасына тікелей ықпал ете алмаймыз. Бұл — нарық заңы. Яғни, сұраныс болса, сұраныс артса, онда оны нарық заңы реттеп, баға өзгереді. Егер пәтерге сұраныс жоғары болмаса, онда тағы да баға өзгеріске ұшырайды. Болжам жасау абырой әпермейтін іс. Қазір нарықтан дүрлігуді көріп отырмын. Демек, пәтерлерін тезірек сатқысы келетін құрылыс компаниялары тарапы нарықты дүрліктіріп отыруы ықтимал, — деді министр Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына орай.
Оның айтуынша, осы себепті халық тезірек пәтер сатып алуға тырысады.
— Пәтер бағасының 30-40 пайызға көтерілетініндей ешқандай алғышарт көріп отырғаным жоқ. Барлық уақытта дүрлікпе сұраныс бағаға әсер етеді. Меніңше, қазір нарықты осы дүрлікпе сұраныс «қыздырып» жіберді. Оған менде, министрлік де ықпал ете алмайды. Әрине, біз әлеуметтік баспана бағасына ықпал ете аламыз. Ол жерде барлық бағаны бақылауға алып, баспана құнының көтерілуіне жол бермейміз, — деді Ерсайын Нағаспаев.
Бұған дейін елімізде баспана бағасының өсуіне не әсер еткенін жазған едік.