Патогендермен жұмыс істейтін мамандардың айлығын 50 пайызға көтеру ұсынылды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат –ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі – Бас санитар дәрігер Ерлан Қиясов патогендермен жұмыс істейтін мамандардың айлығын 50%-ға көтеруді ұсынды. Бұл туралы ол «Қазақстан Республикасының биологиялық қауіпсіздігі туралы» заң жобасын Мәжіліс депутаттарына таныстыру кезінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Патогендермен жұмыс істейтін мамандардың айлығын 50 пайызға көтеру ұсынылды

Ерлан Қиясовтың сөзінше, Заң жобасында 2022-2024 жылдар аралығында жалпы сомасы 25 млрд теңгеден асатын шығыстар көзделген. Соның ішінде негізгі үш бейінді ведомство – Денсаулық сақтау министрлігіне – 23,4 млрд теңге, Ауыл шаруашылығы министрлігіне – 1,1 млрд теңге, Білім және ғылым министрлігіне – 1,1 млрд теңге қарастырылған.

«Бұл қаражаттың ішінде 10,9 млрд теңге қауіпті патогендермен жұмыс істейтін мамандардың айлығын 50%-ға көтеру, үстемеақы төлеу, 2 лауазымдық еңбекақы мөлшерінде сауықтыруға арналған жәрдемақы беру, биоқауіпсіздік саласындағы мамандардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау мәселелеріне бағытталады», - деді Бас санитар дәрігер.