Патологоанатомдар Көкшетаудағы жүкті келіншектің өліміне не себеп болғанын анықтай алмады

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетаудың перинатальдық ортылығында жүкті келіншектің көз жұмуы себебін патологоанатомиялық тексеріс анықтай алмады. Дәрігерлер сот-медициналық сараптаманың қорытындысын күтіп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Патологоанатомдар Көкшетаудағы жүкті келіншектің өліміне не себеп болғанын анықтай алмады

«Жүкті келіншектің өліміне қатысты оқиғаға байланысты әзірге ештеме айта алмаймын. Келіншек аз мөлшерде - 1300 мл. қан жоғалтты. Ол одан өлуі мүмкін емес. Дәрігерлік қажетті көмектің барлығын көрсетті. Қасында тәжірибелі екі акушер-гинеколог болды. Келіншектің қан қысымы жоғары болғандықтан, ол станционарға жатқызылған. Біз  патологоанатомиялық тексеріске қатыстық. Патологоанатомның өзі өлімнің себебін анықтай алмады. Енді сот-медициналық сараптаманың қорытындысын күтетін боламыз», - деп түсіндірді ҚазАқпарат тілшісіне Ақмола облысының денсаулық сақтау басқармасы басшысының ана мен бала денсаулығын қорғау жөніндегі орынбасары Татьяна Бишораева.

Дәрігердің сөзінше, келіншектің нәрестесі тірі.

Еске сала кетейік, тамыздың 06-сы күні Көкшетаудағы перинатальдық орталықта Краснояр кентінің тұрғыны - 25 жастағы келіншек көз жұмған болатын. Оқиғаға байланысты ҚР ҚК 317-бабының 3-бөлігі (Медицина немесе фармацевтика жұмыскерiнiң кәсiптік мiндеттерiн тиiсiнше орындамауы) бойынша іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.