Патриоттық тәрбиені дамытуға бағытталған жиында мемлекеттік органдарға бағытталған ұсынымдар қабылданды

АСТАНА. Сәуірдің 21-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде өткен «Оқу жүйесіндегі Қазақстан жастарына патриоттық тәрбие беруді дамыту және нығайту» атты дөңгелек үстел қорытындысына орай бірқатар мемлекеттік органдарға бағытталған ұсынымдар қабылданды,

Патриоттық тәрбиені дамытуға бағытталған жиында мемлекеттік органдарға бағытталған ұсынымдар қабылданды
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Жиынға қатысушылар қазақстандық патротизм мәселесі көпұлтты мемлекетіміз үшін аса маңызды бағыт болып табылатындығын атап өтіп, ол бойынша атқарылатын шаралардың қуатты тәуелсіз Қазақстан мемлекетін қалыптастырудағы халықтарды, барлық ұлттарды біріктіруде ерекше рөл ойнайтынына баса назар аударды. «Осы мақсатта еліміздегі жастар арасында отаншылдық тәрбиенің дамуы үшін жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр деп айтуға да болады. Атап айтқанда, 2006-2008 жылдарға арналған Азаматтарды патриоттық рухта тәрбиелеудің мемлекеттік бағдарламасы аясында отаншылдық тәрбиенің жолдары айқындалып, жүзеге асыру шаралары іске қосылды. Дегенмен де, Қазақстанда патриоттық тәрбиенің негізі болып табылатын мемлекеттік және тарихи сананы қалыптастыруға жеткілікті көңіл бөлінбей отырғандығын мойындау керек. Соған орай, патриоттықты қалыптастыру мен дамыту шараларында, сондай-ақ, оқу-әдістемелік, ақпараттық материалдардың мазмұнына тарихи, мәдени, толеранттық мәселелерін қамти түсу бойынша тың қадамдар жасалуы тиіс», делінген жиынға қатысушылар қабылдаған ұсынымда. Осыған байланысты, дөңгелек үстел барысында бірқатар мемлекеттік органдарға бағытталған ұсыныстар жасалды. Атап айтқанда, Білім және ғылым министрлігіне - еліміздегі жоғары оқу орындары студенттерінің арасында патриоттық тәрбие бойынша жұмыстарды жалғастыра отырып, жалпы білім беру орталықтарында әскери-патриоттық клубтар желісін кеңейту, оқулықтарда отаншылдық мазмұндағы материалдар ауқымын арттыру қажеттігі ескертілді. Сондай-ақ, орта білім беру оқулықтары мен оқу бағдарламалары мазмұнына тарихи және мемлекеттік сананы қалыптастыру мәселесі бойынша түзетулер енгізу керектігі, Қазақстан тарихы дәуірлерін дүниежүзілік тарихпен сәйкестендіруге көшіру қажеттігі жөнінде ұсынымдар жасалды. Ал Мәдениет және ақпарат министрлігіне мемлекеттің қалыптасу тарихын қамтитын, сондай-ақ ел дамуына елеулі үлес қосқан тұлғалардың, көрнекті қайраткерлердің өмірі жайлы деректі және көркем фильмдер түсіру жөнінде, Қорғаныс министрлігіне 2010-2014 жылдарға арналған жастарды патриоттыққа тәрбиелеу бағдарламасын әзірлеу туралы ұсынымдар қамтылды. Бұдан басқа Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігіне жыл сайынғы бюджетті қарастыру барысында патриоттық тәрбиеге қатысты шараларды қаржыландыру мәселесіне назар аудару қажеттігі жайында ұсыныстар жасалды.